Павлодарда жастардың IT саласына қызығушылығына не себеп?

Павлодарда жастардың IT саласына қызығушылығына не себеп?
Фото: pexels.com

IT саласына кіру үшін математика мен статистиканы жақсы білу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда IT саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялардың күн сайын жетілуі бұл мамандықты жастар арасында аса танымал етті. Сонымен қатар, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі IT саласының тартымдылығын арттыра түсті. Дегенмен, кейбір жастар бұл бағытты өз қалауымен емес, ата-ананың қысымымен таңдап жатады. Мұндай жағдайда мамандыққа деген қызығушылық төмендеп, нәтижесінде кәсіби дамуға кедергі келтіруі мүмкін. 

Павлодар өңірінде білім беріп жүрген«Торайғыров университеті» КеАҚ, Computer Science факультетінің аға оқытушысы, информатика магистрі Анар Садыкованың айтуынша, студенттердің басым бөлігі бұл салаға жоғары жалақы үшін келеді. Егер пайыздық көрсеткішпен алсақ: 60 пайызы – жалақыны басты мақсат етеді, 20 пайызы – шығармашылық ізденісті көздейді, ал қалған 20 пайызы – грант ұтып алдым немесе «көрейін» деген себеппен келген жастар.

Алайда, дәл осы соңғы 20 пайызы  IT саласында шын мәнінде еңбекқор болып, күнделікті ізденіс арқылы жаңа дүниелер жасап жүрген жастар. Жастардың бұл мамандыққа қызығушылығына жарнаманың, әлеуметтік желідегі және бұқаралық ақпарат құралдарындағы IT-дің кеңінен насихатталуы да ықпал етіп отыр.

Анар Садыкованың пікірінше, сабақ кезінде студенттердің басым бөлігі жаңа технологиялар мен бағдарламалау тілдерін үйренуге ерекше ықылас танытады. 

– Сабақ барысында IT-дің қай саласына бейім екеніңді анықтау өте маңызды, – дейді «Торайғыров университеті» КеАҚ, Computer Science факультетінің аға оқытушысы, Информатика магистрі Анар Садыкова.

Мысалы, студент Аспандияр Камали мамандықты техникаға қызығушылығы үшін таңдағанын айтады.

– Сол уақытта IT мамандығы өте өзекті болды. Яғни, болашағы қызықтырды, – дейді ол.

Аспандияр Камали қазір веб-әзірлеу бағыты бойынша оқып жүр. Оның айтуынша, университет жан-жақты білім берсе, қосымша курстар бір бағытқа тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Сондықтан ол университетті пайдалырақ деп есептейді.

IT саласына кіру үшін математика мен статистиканы жақсы білу қажет. Бұл білімдер жасанды интеллект жүйелерін зерттеу және әзірлеуде маңызды. Дегенмен, әр бағыттың өз талабы бар: мысалы, тестілеушіге тек базалық деңгей жеткілікті болса, ал программистке бағдарламалау тілдерін терең меңгеру керек.

Студенттің айтуынша, болашақта ол Frontend пен Backend бағыттарына қызығады, Frontend – сайттың көзге көрінетін элементтері, интерфейсі мен дизайны, Backend – сайттың функционалы, деректерді сақтау жүйесі мен сервермен байланысы.

– Бұл салада жұмыс істеу ойымда бар. Бірақ оңай емес, себебі бәсекелестік көп. Веб-әзірлеуді үйрену жеңіл болғандықтан, оған қатысты курстар көп. Алайда жұмысқа тек білікті мамандарды алады, – дейді ол.

Қазіргі кезде Қазақстанда IT мамандығын меңгерген жастар аз емес. Олардың біразы Facebook, Google сияқты алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүр. Кейбірі шетелге көшіп кетсе, енді бірі қашықтан шетелдік компанияларға қызмет етеді. 

 – Өйткені, Қазақстандағы IT мамандарының жалақысы шетелдік деңгейден әлдеқайда төмен. Егер отандық мамандарға лайықты еңбекақы берілсе, еліміздің IT саласы да күрт дамуы мүмкін, – дейді Анар Садыкова.

Соңғы үш жылда жасанды интеллект қарқынды дамып, түрлі салаларға еніп жатыр. Тіпті кейбір мамандықтарды алмастыра бастады. Мәселен, бұрын дизайнердің жұмысын жасанды интеллект атқарып бере алады. Болашақта бұл үрдіс күшейіп, робототехника да ілгері жылжи түсетіні сөзсіз.

Маман да, студент те IT-ге келгісі келетін жастарға бір кеңес айтады: мамандықты тек сән үшін емес, шынайы қызығушылықпен таңдау қажет, университетке түспес бұрын IT саласын жақсылап зерттеу керек, мектеп кезінен бастап үйренген пайдалы.

– Кез келген жұмыс ең алдымен адамға ұнай білуі керек. Сонда ғана ол әрі пайда, әрі ләззат әкеледі, – дейді Анар Садықова.

IT – бүгінгі ең танымал әрі болашағы зор салалардың бірі. Бірақ ол тек жоғары жалақы немесе сәнді мамандық қана емес, күнделікті ізденісті, шыдамдылықты қажет ететін күрделі бағыт. Егер жастар өз қалауымен, шынайы қызығушылықпен таңдаса, онда бұл салада үлкен жетістіктерге жетері анық.