Павлодарда жаңа бизнестің 90 пайыздан астамы онлайн тіркелген
Өңірде кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алу кеңінен қолданылып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері Павлодар облысында коммерциялық заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу бойынша 604 қызмет көрсетілді. Оның 563-і электрондық форматта рәсімделген. Осылайша, жаңадан ашылған заңды тұлғалардың басым бөлігі тіркеу рәсімдерін қашықтан аяқтаған.
Цифрлық сервистер жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға да қолжетімді. Есепті кезеңде облыста заңды тұлғаларды қайта тіркеу бойынша 821 қызмет көрсетіліп, оның 69-ы онлайн форматта жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың қызметін тоқтатуға қатысты 366 қызмет көрсетілді. Оның шамамен 207-сі электрондық түрде рәсімделген.
– Кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтерді өздеріне ыңғайлы тәсілмен ала алады. Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну немесе электрондық сервистерді пайдалану арқылы. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу өтініш берілген сәттен бастап бір сағат ішінде жүзеге асырылады, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалында.
Жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысында коммерциялық заңды тұлғаларды тіркеу бағыты бойынша 1 803 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Олардың 46 пайызы электрондық форматта ұсынылған.
Мемлекеттік корпорация кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Онлайн сервистерді пайдалану құжаттарды рәсімдеу уақытын үнемдеп, бизнеске қатысты әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған.