Павлодарлық саясаттанушы Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі міндеттерін атады

Павлодарлық саясаттанушы Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі міндеттерін атады
ЖИ иллюстрациясы

Жуырда ғана жұмысын бастаған Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына алты павлодарлық енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына еліміздің әр өңірінен және қоғамдық сектордан, этномәдени бірлестіктерден барлығы 126 өкіл кірді. Жаңа органның міндеттері мен оның құрамындағы жұмысы туралы саясаттанушы Борис Поломарчук айтып берді.

Конституцияға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді. Сонымен қатар оның Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеруге құқығы бар.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енген азаматтар үш бағыт бойынша өкілдік етеді. Яғни, этномәдени бірлестіктер, ірі қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестер.

Борис Поломарчуктың айтуынша, мұндай құрам мәселелерді әр қырынан қарастыруға мүмкіндік береді. Өңірлердің өкілдеріне жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейге жеткізу міндеті де жүктеледі.

– Қоғамдық кеңестердің өкілдері мен депутаттар өңірдің ерекшелігін жақсы біледі. Сондықтан олардан, ең алдымен, аймақтық мәселелерді республикалық деңгейге шығаруы күтіледі. Жоспар ауқымды, мақсаттар да қазіргі күн тәртібі үшін маңызды әрі өзекті, – деді ол.

Ассамблеяның орнын баспайды

Борис Поломарчуктың пікірінше, Қазақстан Халық Кеңесін Қазақстан халқы Ассамблеясының толыққанды мұрагері деп атау дұрыс емес. Өйткені этномәдени бірлестіктер өкілдері жаңа орган құрамындағы үш бағыттың бірін ғана құрайды.

Сонымен қатар, Ассамблеяның этносаралық келісім саласында жинақтаған тәжірибесі жаңа органның жұмысында пайдаланылмақ. Қазақстан Халық Кеңесін құру кезінде Мемлекет басшысы да сабақтастықты сақтап, Ассамблеяның этносаралық және конфессияаралық келісімге қатысты негізгі функцияларын жаңа органға беру қажеттігін айтқан болатын.

– Ассамблея еліміздегі этносаралық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуде маңызды институт болды. Енді оның мүшелерінің Қазақстан Халық Кеңесіне қосылуы мәселелерге кеңірек қарауға мүмкіндік береді. Егер Ассамблея негізінен осы бағыттарға назар аударса, Қазақстан Халық Кеңесінің ауқымы кеңірек. Мұнда этносаралық келісіммен қатар өңірлерді дамыту, білім беру, медицина және басқа да бағыттар қамтылады, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Оның айтуынша, жаңа орган жұмысты нөлден бастамайды. Оның құрамына кәсіби тәжірибесі бар мамандар мен қоғамдық келісім мәселелерімен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан этномәдени бірлестіктердің өкілдері кірді.

Ғылым, білім және инновация

Қазақстан Халық Кеңесіндегі өз жоспары туралы айтқан Борис Поломарчук ғылымды, білімді және инновацияны дамыту бағыттарын басымдықтардың бірі ретінде атады.

– Әзірге осы бағытта жұмыс істеймін. Кейін әріптестеріммен бірге мәселелер мен ұсыныстарды нақтылай түсеміз. Меніңше, пікірталас пен ортақ келісімге келу арқылы нақты бастамаларға жол ашамыз, – деді ол.

Саясаттанушы жастардың ағартушылығына да ерекше мән беріп отыр. Оның пікірінше, мектеп оқушылары мен студенттер мемлекеттің құрылымын, Конституцияның негізгі ережелерін, сондай-ақ өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі керек.

Павлодар облысының тұрғындарына үндеуінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі оларды толғандырған мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын өңір өкілдеріне жолдауға шақырды.

– Егер сұрақтарыңыз болса, мәселелер туындаса, оларды ашық айтыңыздар. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері ұсыныстар үшін ашық. Өңірлерден сарапшылардың іріктелуінің өзі жергілікті мәселелерді мемлекетке барынша дәл әрі толық жеткізіп, кері байланыс орнату үшін жасалды. Біздің міндетіміз – мәселені айтып қана қоймай, тиімді коммуникация құру, – деп атап өтті Борис Поломарчук.

Конституцияға сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесінің заңнамалық бастама құқығы да бар. Яғни Кеңес әзірлеген заң жобалары Құрылтайдың қарауына енгізілуі мүмкін.