Павлодарда жетім баланы тұрғын үй кезегінен алып тастаған

Павлодарда жетім баланы тұрғын үй кезегінен алып тастаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жауапты органдар мұны азаматтың басқа елді мекенге көшуімен түсіндірмекші болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот баспасөз қызметінің мәліметінше, талап қоюшы 2009-2016 жылдар аралығында жетім балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленіп, тұрған. 

Сол кезеңде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекке қойылды. Кәмелетке толған соң Павлодар қаласында жалдамалы баспанада тұра бастады. Жұмысқа тұру үшін Екібастұз қаласында уақытша тіркелген, бірақ та тұрақты тұрғылықты жері болған жоқ, – деді баспасөз орталығында.

Қалалық тұрғын үй комиссиясы талап қоюшыны басқа елді мекенге тұрақты тұруға кетуіне байланысты кезектен шығару туралы шешім қабылдады. 

Сот шешімімен талапкердің тұрғын үйге құқығы қалпына келтірілді, өйткені жұмыс орны бойынша уақытша тіркеу азаматтың тұрақты тұрғылықты жері болып табылмайды.

Тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және есепте тұрған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығаруға жатпайтындықтан, сот «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 73-бабы 1-тармағының нормаларын қолдануды орынды және әділ деп санады, – делінген хабарламада.

Сот актісі заңды күшіне енді.