Шарбақты ауданындағы орман өрті өршіп барады
Облыстық ТЖД сағат 20:00-дегі ақпаратына сүйенсек, тілсіз жау шамамен 500 гектар жерді шарпыған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өрт сөндірушілер «Ертіс орманы» орман шаруашылығындағы тілсіз жауды ауыздықтауға бар күшін салуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін яғни 15 шілде күні сағат 14:30-да Шарбақты ауданындағы «Ертіс орманы» аумағында өрт басталғаны мәлім болды.
- Сағат 14:55-те төтенше жағдайлар департаменті мен орман шаруашылығының қызметкерлері өртті сөндіруге кірісті. Тілсіз жаудың көршілес Ресей Федерациясының аумағына өту қаупі бар. Учаскеде 40 техника мен 178 адам жұмыс істеуде. Шамамен 500 гектар жер өртке оранды, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Сүгір ауылына қауіп төнгенімен, тұрғындарды көшіру қажет болмады. Қазір елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Өрт орнында 2 тікұшақ жұмыс істеуде. Олардың біреуі МИ-8, АПУ (3,5 текше метр), екіншісі МИ-17, АПУ (5 текше метр).
Жағдайды бақылау және бағалау үшін оқиға орнына ҚР төтенше жағдайлар министрі, облыс әкімі Асайын Байханов пен төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы ұшып барды.
Айта кетелік, өрт сөндірушілердің жұмысын ыстық әрі құрғақ ауа райы мен қатты жел кедергі келтіруде.