Павлодар облысының әкімі өткен жылғы жұмыс қорытындысын шығарды
Өңір басшысы үшін есептен бұрын халықтың жағдайын көзбен көріп, мәселелерді жеке бақылауда ұстау маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл ішінде облыс әкімі 182 іссапар жасап, 272 915 шақырым жол жүрген. Осы сапарлар барысында облыстың үш қаласы мен 10 ауданында болып, 300-ден астам кәсіпорын, мектеп, аурухана, фермерлік шаруашылық және өзге де ұйымдарды аралаған.
2025 жылы облыс әкімі тұрғындармен 28 ашық кездесу өткізіп, 289 азаматтың қатысуымен 42 жеке қабылдау жасаған. Сонымен қатар, өңір әкімдіктері 52 968 өтінішті қарастырды. Әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы 30 мыңнан астам хабарлама келіп түскен.
– Әрбір өтініште мәселе, сұрақ, ұсыныс бар. Олардың барлығына барынша тиімді жауап беруге тырыстым. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты алдағы уақытта да жүзеге аса береді, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ өткен жылы 22 аппараттық және шамамен 170 жұмыс кеңесі өткізілген. Бұдан бөлек, депутаттармен, инвесторлармен және қоғам өкілдерімен 93 кездесу ұйымдастырылған.
Облыс әкімі Ертіс-Баян өңірінің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында атқарылған жұмыстар аз емес екенін, алайда алда ортақ міндеттердің әлі де көп екенін айтты.