Павлодарда Жеңіс туын тіккен Батырдың ерлігі ұлықталды

Павлодарда Жеңіс туын тіккен Батырдың ерлігі ұлықталды
Фото: автор

«Замандас-Павлодар» клубы жастарға патриоттық тәрбие берумен қатар салауатты өмір салтын насихаттауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай «Замандас» клубы футзалдан турнир ұйымдастырды. Матчтар «Инвесторлар үйінің» спорт залында өтті. Жарысқа ұйымдастырушылар тобынан басқа тағы үш команда қатысты: Шарбақты ауданынан «Ұшқын», «Юпитер» және «Арыстан».

Тартысты ойындар нәтижесінде облыстық фтизиатриялық диспансердің «Арыстан» командасы турнир жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар кубок, ал жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Замандас» командасының капитаны Қабдылбәри Алинов екі оқушыға футбол формасын, «Замандас-Павлодар» - тәтті сыйлықтар табыс етті.

- Біз атақты жауынгер Рахымжан Қошқарбаевты еске алу үшін турнирде төрт команданы жинадық, - дейді «Замандас» командасының капитаны Қабдылбәри Алинов. – Сонымен қатар біздің мақсатымыз – өскелең ұрпаққа Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін жеткізу, балаларға салауатты өмір салтын үлгі ету болды. Жасөспірім екі футболшыны таңдап, оларға форма бердік.

Мектептің 3-сынып оқушысы № Айсұлтан Жақсылық аға буын әріптестеріне ілтипат білдіргені үшін алғысын білдірді. Мектеп оқушысы үш жылдай футбол ойнайды, Лионель Мессиді жақсы көреді және кәсіби ойыншы болуды армандайды.

«Замандас-Павлодар» қоғамдық қорының басшысы Нұрбану Әмірғалиеваның айтуынша, мұндай турнирлер мен қайырымдылық шаралар жаңа жылда да жалғасын табады. Оның үстіне келер жылы клуб өзінің 15 жылдығын атап өтеді, сонымен бірге Жеңістің 80 жылдығы да барлық жерде тойланады.