Павлодарда портреттегі QR-код арқылы қабылдаушы отбасылар туралы білуге болады

Жоба қоғамда асырап алушы отбасылардың маңыздылығын арттырып, бұл тақырыпқа оң көзқарас қалыптастыруды мақсат етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
29 қараша күні сағат 15:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Ана үйі» қоғамдық қорының «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасы аясында бала асырап алу институтын қолдауға және дамытуға бағытталған «Баланың бақытты мекені – Отбасы»көрмесінің ашылуы өтеді.
Көрменің негізгі мақсаты – қабылдаушы отбасылардың балаға ықпалын фотосуреттер арқылы көрсету. Сондай-ақ, қабылдаушы ата-аналардың маңыздылығы мен қажеттілігін қоғамға жеткізу. Әр портреттің жанынада QR-код бар, сол арқылы отбасылардың тарихымен танысуға болады.
– Көрме – баланың өміріне бейжай қарамайтын, жақсы көріп, қамқор болуға дайын адамдарды қолдау жолындағы маңызды бастама. Біз көрмеге келген әрбір адамның осы тақырыптың қаншалықты маңызды екенін түсініп, бейжай қарамауын қалаймыз, – дейді ұйымдастырушылар.
Көрмеде қиын жағдайларға тап болған балалар мен оларды қабылдаған отбасылардың өмірі ұсынылған. Әрбір фотосурет – жай ғана фото кадр емес, баланың өміріне, армандарына, үміті мен жаңа отбасында тапқан бақытына ашылған терезе іспеттес. Бұл оқиғалардың әрқайсысы баланың өміріндегі махаббаттың, қамқорлықтың және кемел рухтың күшін көрсетеді.
«Ана үйі» қоғамдық қорының жобасы балаларға сүйіспеншілік пен тірек бола алатын отбасыларды қолдауға және шабыттандыруға бағытталған.