Павлодар облысында қаңғыбас иттерді ұстайтын изоляторлар салынады

Павлодар облысында қаңғыбас иттерді ұстайтын изоляторлар салынады
Фото: Константин Шелков

Мұндай оқшаулағыштар әр қала мен ауданда пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев мәлім етті.  

– Өңірде 25 мыңға жуық қаңғыбас ит бар. Жыл басынан бері 1800 жануар адамды тістеген. Оның ішінде 686-сының иесі белгілі, 481-інің иесі белгісіз иттер. Ал мысықтардан 321-інің иелері белгілі, 176-сының иелері белгісіз, – деп атап өтті спикер.

Былтырғы жылдың 2 наурызынан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енгізіліп, қаңғыбас иттерді атып тастауға тыйым салынды. Алайда қаңғыбас ит адам мен малға қауіп төндірсе, оларды ұйықтатуға рұқсат етіледі.  

– Жаңа заңның ережесі бойынша оларды аулап, уақытша ұстау изоляторына апаруымыз керек. Облыста осындай мемелекеттік ұстау изоляторы жоқ, тек қана жеке меншік жануарларды қорғау ұйымдары бар, дегенмен бүгінде олар лық толық, – деді Асылтас Тілеубаев.

Оның сөзінше, ұстау пункттердің болмауына байланысты қаңғыбас иттерге қатысты өтініштер көп түсуде. 

– Мысалы, Химқалашық, Достық шағын ауданы, Екінші Павлодар, МДС тұрғындарынан шағымдар көп болады. Саяжай кезеңі аяқталып жатқандықтан, қаңғыбас иттер қалаға қарай жүре бастайды, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары. – Адамдар керек кезде итті жанында ұстап, керек емес кезінде зат сияқты далаға шығарып жібереді. Ол жағынан да тұрғындарда жануарларға қатысты жауапкершілік болуы керек. 

Асылтас Тілеубаев Павлодар қаласында 300 орындық қаңғыбас жануарларға арналған уақытша ұстау изоляторы қазан айының аяғында қолданысқа берілетінін атап өтті. 

– Осындай мемлекеттік уақытша ұстау изоляторлары әр қала мен аудан орталығында ашылады. Ол үшін жер телімдерін іздестіріп жатырмыз. Шарбақты ауданы мен Екібастұз қаласында жер телімдер бөлінді, келесі жылы салынатын болады, – деді ол.

Еске сала кетейік, облыс орталығында жануарларға арналған уақытша ұстау изоляторының  құрылысы шілде айында басталған еді. Ол жерде вольер мен серуендеуге арналған аула болады.