Павлодарда әлемнің үздік шахматшылары жиналады

Павлодарда әлемнің үздік шахматшылары жиналады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жарыс павлодарлық спорт шеберін еске алуға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қаңтар – 6 ақпан аралығында классикалық шахматтан Ю.М. Никитин атындағы 16-шы Мемориал өтеді.

– Федерация қатарынан екінші жыл бойы гроссмейстер (GM) және халықаралық шебер (IM) нормасы орындалатын айналмалы жүйедегі турнирлер өткізуде. Әр турнирге 10–12 шахматшы қатысады. Олардың жартысына жуығы – Қазақстанның ересектер мен жасөспірімдер құрамасының мүшелері. 2025 жылдың алғашқы осындай турнирі Павлодарда басталады, – деп мәлімдеді федерацияның баспасөз қызметі.

Негізгі турнирге шетелдік тәжірибелі үш гроссмейстер: ресейлік Сергей Волков, Беларусь өкілі Алексей Фёдоров және өзбекстандық Алексей Барсов, сондай-ақ Қырғызстан құрамасының мүшесі, халықаралық шебер Элдияр Орозбаев қатысады.

Бұл төрттікке Қазақстанның алты жас шахматшысы қарсы тұрады. Олардың ең үлкені – 16 жасар павлодарлық Асман Баянтас. Алматылық ФИДЕ шебері Мирас Асылов – 2024 жылғы рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері және блицтен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ақтөбе облысының өкілі FM Алан Петухов 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында үш медаль (классикадан қола, рапид пен блицтен алтын) жеңіп алып, 8 ақпанда 16 жасқа толады.

Ересектер мен бозбалаларға 15 жасар WFM Зарина Нұрғалиева (Атырау облысы) мен 14 жасар WFM Елназ Қалиахмет (Алматы облысы) бәсекелестік танытады. Зарина 2022 жылғы әлем чемпионы, ал Елназ – классикадан 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, блицтен 2024 жылғы әлем чемпионы, рапидтен 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және Қазақстанның 2025 жылғы абсолютті чемпионы.

Жастар арасындағы ең жас қатысушы – 13 жасар Әлішер Әбдісаттар (Астана), ол ФИДЕ шебері атағына үміткер және Қазақстанның классикалық шахматтан 2025 жылғы чемпионы.