Павлодар облысында жиырмадан аса ауылдың әкімдері ауысты

29 маусымда жеті аудан мен екі қалада сайлау өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл, Бәйет, Теміржол, Сарықамыс ауылдық округтері және Шиқылдақ ауылының тұрғындары жаңа әкімдерін сайлады.
Акқөл ауылдық округінің әкімі болып 1965 жылы туған, бұған дейін де әкімнің лауазымында болған Ерлан Қабылтаев, Бәйет ауылдық округі әкімі болып №26 мектеп-гимназиясының директоры Қанат Шайхсламов, Теміржол ауылдық округінің әкімі ретінде 45 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны Талғат Ахметбеков, ал Сарықамыс ауылдық округі әкіміне «Сарик» ШҚ басшысы 1990 жылы туған Салауат Халиханұлы, Шиқылдақ ауылы әкімі ретінде бұрынғы әкім 58 жастағы Гүлнар Енсебаева сайланды.
Ақсуда Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдық округінде сайлау өтті. Сайлау қорытындысы бойынша 1986 жылы туған Сукер Болотхан әкім ретінде таңдалды. Сайлаушылар тізіміне 2217 азамат енгізілді. Дауыс беруге 1279 сайлаушы қатысты.
Ақтоғай ауданында да халықтың қалаулысы анықталды. Сайлау нәтижесінде Қараоба ауылдық округі әкімі болып «ЫРЫС» ФҚ басшысы 37 жастағы Ризабек Кетиков сайланды.
Аққулы ауданында тұрғындар Баймолдин, Жамбыл, Майқарағай ауылдық округтерінде әкімдерді қайта таңдады.
Баймолдин ауылдық округінің әкімі ретінде осы лауазымды атқарып жүрген 1964 жылы туған Қайрат Омаров сайланды. Жамбыл ауылдық округі әкімі ретінде де бұрынғы әкім Нұрман Айтуғанов үшін қайта дауыс берілді.
Майқарағай ауылдық округіне әйел адам басшылық етеді. Бұл лауазымға дейін Күлдарай Қасқырбаева Майқарағай жалпы орта білім беру мектебінде директор болған.
Баянауылда да үш елді мекенде басшылық ауысты. Ақсан ауылдық округінде дауыстардың басым бөлігі Төлеген Смағұлов үшін берілді. Ал Бірлік ауылдық округінің әкімі болып бұрынғы әкім Арман Мұсатаев сайланды.
Сәтбаев ауылдық округінде «Қайыр» ШҚ-ның басшысы 34 жастағы Мұхтар Қайыр әкім болып таңдалды.
Железин ауданының екі округінде сайлау өтті. Нәтижесінде Башмачное ауылдық округінің әкімі болып 54 жастағы Меруерт Мадагулова, ал Қазақстан ауылдық округінің әкімі реттінде Буденов негізгі жалпы білім беру мектебінің мұғалімі 1985 жылы туған Жастілек Сатканов сайланды.
Ертіс ауданының төрт ауылдық жерінде де жаңа әкімдер белгілі болды. Халық саны бойынша үлкен ауылдың бірі – Ертісте 1971 жылы туған Дәулет Алкенов қайта сайланды. Ол үшін 1970 дауыс берілді.
Қоскөл ауылдық округінде Ертіс ауданы әкімі аппаратының бас маманы 36 жастағы Дулат Тюлегенов әкім ретінде таңдалды.
Панфилов ауылдық округінде Тоқта ауылының тұрғыны 1973 жылы туған Асылбек Карибаев, ал Сілеті ауылдық округінде 59 жастағы Бірлік негізгі жалпы білім беру мектебінің директоры Жеңіс Батырғожинов жаңа әкім ретінде сайланды.
Тереңкөл ауданында сайлау үш ауылда өтті.
Әулиеағаш ауылдық округінің әкімі ретінде бұған дейін әкім болған Оксана Жаркина, Жаңабет ауылдық округінде облыстық ветеринария басқармасы ветеринарлық станциясының ветеринарлық санитары Серік Бахтияров сайланды. Сондай-ақ Томарлы ауылдық округінде 1968 жылы туған Ерік Құсдәулетовке дауыстар бойынша артықшылық беріліп, әкімнің лауазымына ұсынылды.
Оған қоса Шарбақты ауданы Шалдай ауылдық округінде де сайлау өткізілді. Нәтижесінде жаңа әкім ретінде Павлодар қаласы әкімінің аппаратында бас маманының лауазымында болған 1991 жылы туған Ерғанат Қайкен таңдалды.