Павлодарда зираттарға QR-код қойылады
Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде қала аумағындағы зираттарды цифрландыру мәселесі бойынша семинар өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дін істер басқармасының мәліметінше, бұл бастама Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметтерін жетілдіру барысында жасалынған. Аталған пилоттық жобаны іске асыру үшін мешіттер «Уақып» ҚҚ және «ҚазАэроСпейс» ЖШС-мен меморандумға қол қойған.
– Оның негізгі мақсаты ел аумағындағы зираттарды цифрландыру, жерлеу қызметін заманға сай электронды тұрғыда халыққа ұсыну болып табылады, – дейді басқармада.
2024 жылдың 16 мамыры мен 30 шілдесі аралығында Павлодар қаласындағы 19 зиратты цифрандыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Мобилді қосымшаға марқұмдардың аты-жөндері мен басқа да мәліметтер енгізіледі. Зираттардың орындары картада көрсетіледі және қосымшаны әлемнің кез келген нүктесінен қолдануға болады.