Павлодарлық волонтерлердің үздік жобалары мемлекеттік қолдауға ие болды
Алты бағыт бойынша жеңімпаз атанғандар жарты миллион теңгеге қол жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша әлеуметтік-волонтерлік жобалар үшін шағын гранттар конкурсының қорытындысы шығарылды. ҮЕҰ мен бастамашыл топтардан конкурстың 6 бағыты бойынша барлығы 21 өтінім түсті.
Мәселен, 1-бағыт «Әлеуметтік волонтерлік» бойынша - «Bir Tolqynda» жобасы Бақтығүл Тоқтарбаева мен «Жас ниет» жастар қоғамдық бірлестігінің «Қолдаумен өмір» жобасы ие болса, 2-бағыт «Төтенше жағдайлар саласындағы волонтерлік» бойынша - ҚР «Қызыл Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалы «ТЖ-дан бір қадам алда» жобасы үздік ден танылды.
Ал 3-бағыт «Zoo Álem» бойынша Ескелді Болатовтың «ZOO HELP» жобасы үздік атанса, 4-бағыт «Цифрлық және медиа-волонтерлік» бойынша Мерей Смайылованың «Media volunteers KZ» жобасы мен Иса Согумбаевтың «CyberKomek» жобасы дараланды.
5-бағыт «Экологиялық волонтерлік» бойынша Санат Астаевтың «Тазалық және көгалдандыру Экоциклі 2» жобасы мен Заур Советтің «Таза Қазақстан-саналы ұрпақ» жобасы қолдауға ие болды.
Соңғы 6-бағыт «Білім берудегі волонтерлік» бойынша Асанәлі Абдрахмановтың «EduBridge» жобасы үздік атанды.
Конкурстық комиссияның шешімі бойынша Павлодар қаласы үшін 6 грант және облыстың ауылдық аудандары үшін 3 грант бөлінді. Үздік атанған әр еріктінің жобасына мемлекеттен қолдау ретінде 500 000 теңге берілді.
Сондай - ақ, ауылдық ҮЕҰ мен бастамашыл топтар үшін «Заң және тәртіп», «Экологиялық волонтерлік», «Инклюзиядағы волонтерлік» бағыттары бойынша қосымша конкурс жариялау туралы шешім қабылданды. Жоспарлы гранттардың жалпы саны әрқайсысына 500 000 теңгеден беріледі.