Павлодарда 103 қызмет бригадалары бейнежетонмен жарақталады

Бұл шара – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы уақытта еліміздің әр өңірінде жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты шабуылдардың жиілеп кетуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қостанайда хирургке, Қарағандыда медбикеге жасалған шабуылдан кейін Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясында жаңа қауіпсіздік тетігі – смарт бейнежетондарды енгізу қолға алынды.
– Заң тұрғысынан алғанда бұл өте қолайлы, – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Станция өкілдерінің айтуынша, алғашқы бейнежетондармен жабдықталған бригадалар 1 тамыздан бастап жұмысқа кіріседі. Қазіргі уақытта арнайы құрылғыларды сатып алу және орнату жұмыстары жүріп жатыр.
– Денсаулық сақтау министрлігінің №225 бұйрығында 103 бригадалардың мобильді камералармен жабдықталуы мүмкін екені жазылған. Бұл тек медицина қызметкерлерін қорғау үшін емес, сонымен қатар даулы жағдайларды шешуге, олардың тәртібін арттыруға да көмектеседі, – деп толықтырды ол.
Бұл бастама – тек Павлодар облысы үшін ғана емес, жалпы ел медицинасы үшін маңызды қадам. Бейнежетондар тек қызметкерлердің қауіпсіздігін күшейтіп қоймай, қоғаммен өзара сенімді қарым-қатынасты нығайтуға да ықпал етеді.