Павлодарда қараусыз жүрген алабай тұрғындарды қорқытқан

Павлодарда қараусыз жүрген алабай тұрғындарды қорқытқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысында иттерді серуендету талаптарын сақтамаған 1600-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полицияға тұрғындардан қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз жүрген иттерге қатысты шағымдар жиі түседі.

Тәртіп сақшылары үй жануарының жуас болуы оның айналадағы адамдарға қауіп төндірмейтініне кепілдік бермейтінін ескертеді. Әсіресе ірі тұқымды иттерді серуендету кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды.

Мәселен, Павлодар қаласының полициясына Назарбаев көшесіндегі дүкендердің бірінің маңында алабай тұқымды иттің қараусыз жүргені туралы хабарлама түскен.

– Тұрғындардың айтуынша, ит қарғыбаусыз әрі тұмылдырықсыз жүрген және дүкеннен шыққан адамдарға үре берген. Осыған байланысты сатып алушылар сыртқа шығуға қорыққан. Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы иттің иесін анықтады. Үй жануарының иесі иттің шынжырдан үзіліп, қашып кеткенін түсіндірген, – деді облыстық полиция департаментінде. 

Осыған ұқсас жағдай Алматы көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындарынан да түскен. Олардың айтуынша, үйдің маңында бірнеше ит адамдарға тап беріп жүрген.

Полиция қызметкерлері ит иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, үй жануарларын ұстау және серуендету талаптарын түсіндірді.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, үй жануарының иесі немесе оған жауапты адам адамдар мен басқа жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмеуге, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тиіс.

Жеке тұрғын үй иелері иттерін өз ауласының аумағында ұстауға міндетті. Бұл ретте, жануардың ауладан өздігінен шығып кетуіне жол берілмеуі қажет.

Сонымен қатар, үйдің кіреберісінде «Абайлаңыз, ит бар!» деген ескерту тақтайшасы болуы тиіс.

Полиция тұрғындарды үй жануарларын серуендету кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.