Павлодар облысындағы жол апатынан екі адам қаза тапты
Тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жол апаты 26 мамыр күні Аққулы ауданындағы Шарбақты ауылының маңында тіркелді. «Lada Granta» және «ГАЗ-33023» автокөліктері соқтығысқан.
– Апат салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы ауруханада көз жұмды, тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, көліктер мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелері мен жылдамдық режимін қатаң сақтауға, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын бақылауда ұстауға шақырады.