Павлодарда полицейлер түнгі уақытта жасөспірімдерді анықтап, ата-аналарды жазалады

Отбасылық жанжалдар мен тыныштықты бұзу әрекеттері үшін де қатаң шаралар қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері бір тәулік ішінде «102» арнасына келіп түскен 20-дан астам шақыртуға жауап беріп, әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылдады. Барлық хабарламалар жедел әрекет етуді және құқықтық баға беруді қажет етті.
Сағат 21:00 шамасында Ломов көшесі, 163 мекенжайындағы дүңгіршектен мас күйде жүрген ер адам анықталды. Ол тұрғындардың ескертулеріне құлақ аспаған. Келген полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыны оятып, бөлімшеге жеткізді. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кейінірек, сағат 22:00 шамасында Торайғыров көшесі, 64/1 мекенжайында есірткілік мас күйдегі тағы бір ер адамның қоғамдық тәртіпті бұзғаны тіркелді. Ол да ұсталып, полиция бөліміне жеткізіліп, жауапкершілікке тартылған.
– Түнгі рейд барысында тәртіп сақшылары ересектердің қарауынсыз жүрген бірнеше кәмелетке толмаған жасөспірімдерді анықтады. Олардың бірі Гагарин көшесінде, екіншісі академик Бектұров көшесінде болған. Заң талаптарын бұзған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, балалармен және олардың заңды өкілдерімен алдын алу әңгімелері жүргізілді, – деді облыстық полиция департаментінде.
Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда алкоголь ішкен және тыныштықты бұзғандар да назардан тыс қалған жоқ. Қамзин көшесі, 141 үйінің ауласында бірнеше ер адам ішімдік ішіп, балағат сөздер айтып, шу шығарған. Оларға қатысты да әкімшілік шаралар қабылданды.
Сондай-ақ, отбасылық жанжал фактілері тіркелді. Академик Шөкин көшесі, 124 мекенжайында ер адам көршілерінің тыныштығын бұзып, жұбайымен ұрыс-керіс шығарған. «Шулы» тұрғын бөлімшеге жеткізіліп, профилактикалық әңгіме өткізілген.
Заң қызметкерлері кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден кейін ата-анасының еріп жүруінсіз көшеде жүруге тыйым салынғанын және қоғамдық орындарда алкоголь және есірткі заттарын қолдану заң бұзушылық болып саналатынын және әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Отбасылық жанжалдар мен тыныштықты бұзу әрекеттері үшін де қатаң шаралар қарастырылған.