8 наурызда ер адамдарға жасауға болатын ең оңай тағамдар

8 наурызда ер адамдарға жасауға болатын ең оңай тағамдар

@Pavlodarnews.kz агенттігі мереке күні үйіндегі нәзік жандыларға ас әзірлеп бергісі келетін ер адамдарға оңай жасалатын тағамдарды ұсынады. 

1. Нанмен қуырылған жұмыртқа

Рөмкенің немесе металл қалыпты сақинаның көмегімен бір тілім ақ нанның ортасына дөңгелек саңылау жасаңыз. Табаны сары маймен майлап, нанды қуырыңыз (екі жағын кезекпен 30 секундтан).

Сосын нанның ортасына жұмыртқаны жарыңыз. Тұздап, бұрыш салып, көкөністен себіңіз де, ақуызы піскенше қуырыңыз. 

2. Қызанақ қосылған омлет

Екі үлкен қызанақтың бас жағын кесіп алып, қасықтың көмегімен өзегін алып тастаңыз. Жұмыртқаны үгітілген ірімшікпен, майдаланған ақжелкен және аскөкпен араластырыңыз. Тұздап, бұрыш салып, қызанақтардың ішіне құйыңыз. Кесіп алған қызанақтың басын жауып, қысқатолқынды пешке 3–4 минутқа салып алыңыз.

3. Күріш пен ет 

Қажетті заттар: сиыр еті, тұз, қара бұрыш, пияз, 1 қасық ұн, жарты стақан қаймақ, 2 қасық томат. 

Етті жұқалап ұзынынан тураңыз. Тұз, қара бұрыш қосып араластырыңыз. Пиязды жіңішкелеп турап, майға қуырыңыз. Етті қосып, енді бірге қуырыңыз, ет жұмсарып піскенге дейін томат қосыңыз. Ұн қосып бәрін бірге қуырыңыз. Қаймақ қосып, сәл қайнатасыз. Дайын болды. 

Күрішті жеке пісіріңіз де, бір табаққа екеуін бөлектеп салыңыз. 

4. Көкөніс пен жұмыртқадан жасалған котлет

Сәбіз бен картопты тазалап, жуып, үккіштен өткізесіз. Содан кейін су тұнық болғанша бірнеше рет жуып аласыз. Содан кейін 1 қасық ұн салып араластырасыз. Жарты қасық тұз саласыз (оған қоса, қалаған мөлшерде дәмдеуіш қосуға да болады). Аздап жасыл бұрыш пен жасыл пияз қосып, араластырасыз.  

Табаның түбіне аздап май жағып, қыздырасыз. Көкөністерді дөңгелектеп салып, ортасын ашасыз. Содан кейін ортасына бір жұмыртқадан ашып, саласыз. 

Астыңғы жағы қатып, қызарған соң екінші бетіне аударып дәл солай қуырасыз. Дайын болды. 

5. Қуырдақ

Етті кішірек етіп турап аласыз. Пиязды жұқа етіп турайсыз. Пияз көп болғаны жақсы. Картопты орташа көлемді етіп турайсыз. 

Қазанға май құйып, сәл ғана тұз сеуіп, үстіне етті саласыз. Етті 5-7 минут жақсылап қуырып аласыз. 

Содан кейін пиязды қосып, тағы 7-8 минут пияздың сөлі шыққанша қуырасыз. Арасында қақпағын ашып, араластырып тұру керек. 

Картопты саласыз. Картопқа дәм беру үшін қызанақ қосасыз. Қызанақ орнына томат пастасын қосуға да болады.  Тұзын, дәмдеуіштерін қосып, 3-4 минут араластырып тұрып қуырасыз. 

Сосын сәл ғана көрініп тұратындай етіп, су құясыз. Қайнағанша қойып қоясыз. Содан кейін дәмін көресіз. 

Одан кейін отты баяу етіп, 30-35 минут қойып қоясыз. Тағам дайын. 

6. Дөңгелек, беті ашық бәліш

Қажетті өнімдер: 1 кг фарш, 350 мл кефир, 1 дана жұмыртқа, 1 шай қасық тұз, 1 пакет қамыр қопсытқыш, 50 гр. сары май, 500 гр. Ұн, 3 дана пияз, 1 шай қасық бұрыш, 1 шай қасық кориандр. 

Шұңғыл табаққа кефирді құйып, жұмыртқаны, тұзды салып, венчикпен араластырамыз. 

Ұнды илеп алып, қамыр қопсытқышпен араластыру керек. Сосын ұнды табаққа салып, қамыр илейміз. Осы қамырға енді ерітілген жылы сары майды құямыз. Қамырмен жақсылап араластырып, тоңазытқышқа салып қоямыз. 15 минутта қамыр дайын болады. 

Табаққа салынған фаршқа майдалап туралған әрі езілген пиязды қосамыз. Дәмдеуіштер қосып, тағы бір араластырып жіберу керек. Қамырды үш бөлікке бөліп, әрқайсысын жұқалап жаямыз. 

Осы жайылған қамырлардың ортасына фаршты бөліп салып, жан-жағын ашық қалдырамыз. Қамырдың фарш тимеген жерін бетіне қарай қайырып, дөңгелек пирог жасау керек. Сосын осы пирогтарды 220-230 градусқа қыздырылған пеште 25-30 минуттан пісіріп аламыз.

Фото: ашық дереккөздерден