Павлодарлық жігіттердің басым бөлігі әскерге өз еркімен барады

Оларға әскери бөлім түрін еркін таңдау мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың көктемінде Павлодар облысы бойынша 665 адам мерзімді әскери қызметке шақырылды. Ал күзгі шақыру науқанына алдын ала белгіленген жоспар – 664 адам. Қарулы күштерге – 320 сарбаз, шекара қызметіне – 65, Ұлттық ұланға – 250, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 20, мемлекеттік күзет қызметіне тоғыз адам қажет. Бұл туралы Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Бекзат Оразов мәлімдеді.
Жалпы, биыл мерзімді әскери қызметке 1476 азамат шақырылуы тиіс. Мыңға жуық жігіт отбасы жағдайына байланысты кейінге қалдырылса, 16 мыңға жуық жігіт оқуда болғандықтан әскерге алынбайды.
Бекзат Оразовтың айтуынша, шақырылушылардың 70 пайызы әскери қызметке өз еркімен аттанады.
– Әсіресе 11-сынып түлектері Отан алдындағы борышын өтеуге ерекше ықылас білдіруде, ал студенттер өз еркімен академиялық демалыс алып жатыр. Олар қай әскерге барғысы келетінін өздері таңдайды. Негізінен, Шығыс Қазақстан, Абай және Қарағанды облыстарына барып қызмет етеді. Біз оларға еш кедергі келтірмейміз, – дейді Бекзат Оразов.
Әскери комиссариатқа келмегені үшін 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал әскери қызметтен жалтарғандар үшін төрт миллион теңгеге жуық айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Әскерде қызмет етіп, жауынгерлік дайындық бойынша жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздар ҰБТ балын есепке алмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады. Ал үздік қызмет еткен мерзімді әскери қызметшілерге гранттар беріледі. Яғни, олар әскерден кейін екі жыл ішінде ақылы негізде оқуға түсе алады. Ол үшін тек сұхбаттан өту жеткілікті болады. Бұл ретте ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі есепке алынбайды.
Егер шақырылушының атына рәсімделген несиесі болса, оған 13 айға дейін «несиелік демалыс» ұсынылады.