Павлодарда үй жануарларының дерекқоры көбеюде

Жоба іске асқаннан бері облысымызда бес мыңға жуық жануарлар ортақ базаға енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң аясында үй жануарларын «Tanba» жануарларды есепке алу ақпараттық жүйесінде міндетті тіркеу рәсімі ресми түрде енгізілді.
Қазіргі уақытта үй жануарларына чипті мемлекеттік ветеринарлық клиникаларда немесе жеке меншік емханаларда салуға болады. Павлодарда 127 ветеринарлық орталықтар бар. Соның ішінде 10 емхана жекеменшік. Ал әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың иелігіндегі үй жануарлары және қаңғыбас иттер мен мысықтар мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі.
Орта есеппен алғанда, бір үй жануарына чипті орнатып, жүйеге тіркеу 3,5-5 мың теңге аралығын құрайды. Ветеринар мамандарының сөзінше, ас ерекшеліктері бойынша қатаң талаптар жоқ және процедура ешқандай ауыртпаушылықсыз өтеді. Айта кетейік, чип жануарлардың желкесіне салынады.
– Процедура бес минут жалғасады. Жас ерекшеліктері бойынша талаптар жоқ. Жалпы алғанда бәрі жануардың ағзасына тікелей байланысты, – деді емхана мамандары.
Жыл сайын облысымызда жүйеге тіркелген жануарлар дерекқоры көбеюде. Егер жоба басталған жылы базаға 1 483 жануар тіркелген болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 766-ға жетті. Оның ішінде: 3 026 ит, 1 740 мысық. Бұл сандар жануар иелерінің арасында процедураға деген сенімділік артып келетінін көрсетеді.
– TANBA жүйесі іске қосылған сәттен бастап өңірде үй жануарларын тіркеу көрсеткіші арта түсті. Негізгі белсенділік алғашқы айларға тиесілі болды, – деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ғалым Бейсенов.
Сондай-ақ жануарлар жоғалып кетсе немесе қандай да бір оқиғаға тап болса, иелері ақпараттық жүйе арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізе алады. Осы уақытқа дейін облыс тұрғындары бұндай жайттар бойынша мамандарға әлі өтініш білдірмеді.
Ал Алматы қаласында «Tanba» жүйесіне ұқсас «Ogency» шығармашылық агенттігі және «JAM Agency» байланыс агенттігінің бастауымен «Кис-кись, найдись» жобасы іске қосылды. Жоба қолданыста өте оңай. Азаматтар алдымен @GdeKotBot телеграм арнасына жануардың суретін және кішігірім сипаттамасын жүктейді. Кейін бұл хабарлама жоғалған аймақтағы сыртқы сандық экрандарда пайда болады.
Ең қызығы, бот кері бағытта да жұмыс істейді. Көшеде жоғалған жануарды байқаған кез келген адам сол чат-ботқа оның фотосы мен мекенжайын жібере алады. Жасанды интеллект бұл ақпаратты өңдеп, үй жануарын іздеп жүрген иелеріне жолдайды.
Айта кетейік, иттер мен мысықтарды базаға енгізу жұмыстары міндетті. Ал тотықұс, хомяк сынды жануарларды тіркеу міндетті емес.