Экологтар павлодарлықтарды қоқыс жиналатын орындар туралы шағымдануды сұрайды

Өйткені кей кезде ғарыштық мониторинг ағаш отырғызылған аумақтардағы қоқыстарды анықтай алмауы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының экология департаменті заңсыз қоқыс үйінділерге мониторингті екі әдіспен жүргізеді: рейдтер және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ ғарыштық суреттерінің көмегімен.
Бірақ кейде мамандар қоқыс үйінділерін өз бетінше анықтай алмайды. Сондықтан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік тұжырымдамасы іске қосылды.
– Полигондарды өз бетімізше анықтай алмайтын кездер болады. Ғарыштық суреттер ағаштар тығыз отырғызылған жерлерде, мысалы Усолкада, қоқысты анықтай алмайды. Сондықтан, Павлодар облысының тұрғындарына өтінішім бар: үйілген қоқысты тапсаңыз, 109 нөміріне, ТКШ, @TazaQazBot телеграм ботына, әлеуметтік желілерге шағымданыңыз. Жергілікті атқарушы органдар осы хаттар арқылы жұмыстарды жүргізеді, – деді мемлекеттік экологиялық инспектор Руслан Темірболатов.
Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауытының жанындағы полигон төрт жылдан бері үздіксіз қалыптасып келеді, сондықтан оны тарихи қоқыс үйіндісі деп атауға да болады. Соңғы рет өткен жылдың соңында тазартылғанымен, кінәлілер әлі табылмады.
– Егер тұрғындар азғантай қоқыс жиналып қалғанын көрген бойда бізге хабарласса, қоқыс үйіндісі одан сайын ұлғайып кетпеуі үшін тәртіп бұзушыларды сол жерде тоқтатар едік, – деп қосты инспектор.
Экологтар қалдықтарды жарнама арқылы жалданған қоқыс таситын көліктер шығарады деп болжамдауда. Уақытын үнемдеу үшін қоқыс таситын көліктердің жүргізушілері қалдықтарды далаға төгеді.
– Полициялардың өздігінен қоқыс тастайтын жерлерді патрульдеу мәселесі бірнеше рет көтерілді, бірақ әзірге жауап жоқ. Қазіргі таңда олардың тек әкімшілік іс қозғап, айыппұл салу құқығы бар, – деді Руслан Темірболатов.
Мамыр айының соңында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ-дан 44 рұқсат етілмеген полигонның жаңа суреттері жетті, олар негізінен Ақтоғай, Баянауыл және Ақсу аудандарында байқалды.