Павлодар экологтары ірі көмір кәсіпорындарынан заң бұзушылықтар анықтады
Рұқсаттардың болуына қарамастан, өңірдегі алпауыт кәсіпорындар атмосфераны ластап, табиғат қорғау заңнамасын белшесінен басқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Майкубен-Вест» АҚ кәсіпорындарына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында екі нысанда да көмірқұрамды жыныстардың өздігінен қызу және жану ошақтары анықталды. Атап айтқанда, «Богатырь Көмір» кәсіпорнының «Прибортовой» үйіндісінде тотығу-тотықсыздану процесі жүріп жатса, «Майкубен-Вест» разрезінің солтүстік борты мен көмір қоймасында эндогендік жану деректері тіркелді.
Экологиялық заңнамаға сәйкес, нысан операторлары алынған рұқсат талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Алайда, бекітілген жобалар мен табиғат қорғау іс-шараларының болғанына қарамастан, кәсіпорындар эмиссия нормативтерін сақтамаған. Көмір жыныстарының мұндай қызу процестері атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шектен тыс бөлінуіне әкеп соғады, бұл Экологиялық кодекс талаптарына тікелей қайшы келеді.
Тексеру қорытындысы бойынша шағымда көрсетілген барлық фактілер расталды. Екі кәсіпорын да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға нақты мерзімдер көрсетілген нұсқамалар берілді. Енді өндіріс орындары жану ошақтарын оқшаулау және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оны тез арада іске асыруы тиіс. Департамент мамандары берілген нұсқамалардың орындалуын қатаң бақылауға алды.