Ертіс орманында жабайы жануарларға қысқы азық дайындауда
Қыста ауа райы мен қардың қалыңдығына байланысты жануарлардың өздігінен қоректенуі қиынға соғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты баспасөз қызметінің мәліметінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жабайы аң-құстарға қыс мезгіліне азық дайындау жұмыстары жалғасуда.
– Қыстың алғашқы айларынан бастап ауа райының қолайсыздығына және қардың қалыңдығына байланысты жабайы жануарлардың өздігінен қоректенуі қиынға соғатыны анық. Сондықтан қазіргі уақытта Қазақстанның әр түкпірінде орналасқан ЕҚТА инспекторлары қосымша азықтандыру жұмыстарымен айналысуда, – деп түсіндірді резерваттың баспасөз орталығы.
Атап айтатын болсақ, мемлекеттік инспекторлардың жазғы кезеңдегі негізгі міндеттерінің бірі – бұтақты жем-шөп дайындау, сондай-ақ арнайы азықтандыру алаңдарында оттықтарды, тұз және жем салатын науаларды жаңарту болып табылады.
Нәтижесінде, мемлекеттік инспекторлардың жаз айларында атқарған бір күндік жұмысы, қыс мезгілінде жабайы аң-құстарды он күнге жуық қоректендіре алады.