Павлодардың жылу жүйесін дайындау тәсілі екі қалада қолданылады

Павлодардың жылу жүйесін дайындау тәсілі екі қалада қолданылады
Фото: Константин Шелков

Екібастұз бен Ақсуда желілерді сумен кезең-кезеңімен толтыру тәжірибесін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл әдіс күн күрт суыған кезде желілерге түсетін жүктемені азайтып, үйлерге жылудың тұрақты берілуіне мүмкіндік береді.

Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің жылу беру маусымына толық дайын екенін айтты.

Өңірде Павлодар қаласында қолданыстағы жылу жүйелерін алдын ала толтыру тәжірибесін жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл – тұрақты суық түскенге дейін жылу желілерін біртіндеп сумен толтырып, тұрғын үйлерге алдын ала жылытылған суды жеткізу тәсілі.

– Үйлерге жылытылған су алдын ала берілуі керек. Сонда барлық көппәтерлі тұрғын үйлердің жүйесін бір мезетте толтырудың қажеті болмайды. Бұл тәжірибені Екібастұз бен Ақсу қалаларында да енгізу қажет. Жылу беру маусымы – жыл сайын қайталанатын жағдай. Күн жылы кезде ешкім жылу сұрамайды. Ал ауа райы күрт суыған кезде тұрғындардың барлығы бірден жылу беруді талап етеді. Бірақ бір-екі күннің ішінде толыққанды жылу беруді қамтамасыз ету мүмкін емес, – деді облыс әкімі.

Павлодар қаласының жылу жүйесінде шамамен 80–90 мың текше метр су болады. Оны желілер арқылы бірнеше рет айналдырып, қажетті температураға дейін жылыту қажет. Сондықтан бұл процесс уақытты талап етеді. Ауа райы күрт суыған жағдайда барлық үйге бір-екі күнде жылу беру мүмкін емес. Осы себепті Павлодарда жылу жүйесін алдын ала толтыру басталады. Нәтижесінде тұрғын үйлерге жылытылған су алдын ала жеткізіледі.

Екібастұздағы жағдай Павлодардан ерекшеленеді. Қаладағы жылу желілерінің едәуір бөлігі жер үстімен жүргізілген.

– Екібастұздың өзіндік ерекшелігі бар. Қала 1960–1970 жылдары салынып жатқан кезде жылу магистральдары мен суық су құбырлары бірге жүргізілген. Бұл қыста суық судың қатып қалмауы үшін жасалған. Сондықтан орамішілік желілерді жобалау кезінде Екібастұздың жылумен жабдықтау ұйымдары мен су арнасының жұмысын үйлестіру қажет. Бұл жобаларды бөліп, желілерді жер астына орналастыру мүмкіндігін қарастыру керек, – деді Асайын Байханов.

Екібастұздағы орамішілік желілерді жаңарту бойынша нақты жоба мен жол картасын бекіту қажет. Жұмысты ірі шағын аудандардан бастаған жөн.

– Бұл тек жылумен жабдықтаудың сенімділігі тұрғысынан ғана емес, қауіпсіздік мәселесі жағынан да маңызды. Жер үстіндегі құбырлар тезірек коррозияға ұшырайды. Себебі бір жерде суық және ыстық су желілері қатар өтеді, соның салдарынан конденсат түзіледі. Бұдан бөлек, бұл жағдай қаланың сәулеттік келбетіне де әсер етеді. Қазіргі таңда Екібастұздың көп бөлігінде құбырлар жер үстімен жүргізілген, – деді облыс әкімі.

Асайын Байханов Ақсудағы жағдайға да тоқталды. Мұнда жылу желілері салыстырмалы түрде жаңа, ал магистральдік желілердің жалпы жағдайы қалыпты. Негізгі мәселе – бұрын жүргізілген жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының сапасында.

– Ақсуда жағдай мүлде басқа. Ондағы желілер соншалықты ескі емес, магистральдік желілердің жағдайы жалпы алғанда қалыпты. Негізгі мәселе – жөндеу жұмыстарының өте нашар орындалуында. 2014, 2015 және 2017 жылдары магистральдар қайта жаңғыртылған. Алайда кейбір учаскелерде компенсаторлар орнатылмаған. Кей жерлерде олар орнатылғанымен, жобалық құжаттамада қарастырылған талаптарға сәйкес келмейді. Бұл жобаларды жеке қарастырып, мәселені анықтау қажет, – деді Асайын Байханов.

Келесі жылы Ақсудың ГРЭС кенті деп аталатын шағын ауданын жылумен қамтамасыз ету бойынша жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба алты ауылдың тұрғындарын жылумен қамтуды көздейді.

Жылу жүйесін алдын ала толтыру тәжірибесін енгізу және тиісті жобаны әзірлеу жөніндегі тапсырманы облыс әкімі өзінің орынбасары Серік Төленбергеновке жүктеді