Павлодарлық боксшылар еске алу турнирінде жақсы нәтиже көрсетті
Түркістанда КСРО-ның еңбек сіңірген боксшысының құрметіне 30-шы халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әбдісалан Нұрмаханов 1936 жылдың 19 сәуірінде Өзбекстан, Сухандария облысы, Шыршық ауданы, Күлтафа ауылында дүниеге келіп, 2002 жылдың 14 шілдесінде Алматы қаласында дүниеден өтті. Әбдісалан Кәрімұлы – боксшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол 1957–1967 жылдар аралығында Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, 1957 және 1962 жылы КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, 1959 және 1967 жылдары КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері, 1963 жылы Азия-Африка ойындарының жеңімпазы атанған.
Облыстық бокс федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Түркістан қаласында ерлер арасында Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған 30 халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Камбоджа және Қазақстаннан 145 спортшы қатысты.
Жарыс нәтижесі бойынша 54 келі салмақ дәрежесінде Ислам Машкентаев екінші орынды, 80 келі салмақ дәрежесінде Аятулла Тәкіжанов үшінші орынды иеленді.