«Ertis» алғашқы жеңісіне қол жеткізді
«Астана Академия» командасына қарсы кездесу аса тартысты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естеріңізде болса, кеше аталған қарсыластар СДЮШОР №2 (бұрынғы «Автомобилист» спорт кешені) алаңында бірінші кездесу өткізіп, матч астаналықтар пайдасына шешілген еді – 90:76.
Кездесудің алғашқы ширегінде де қонақтар басымдығын байқатты. Алайда екінші мен үшінші кезеңді павлодарлықтар өз пайдасына шеше білді. Соңғы ширекте «Астана Академия» есептегі айырманы қысқарта алды. Алайда командамыздың жарқын жұлдызы Кешон Табб тәжірибесі әрі шеберлігімен «Ертісті» күрделі жағдайдан алып шыға алды.
Нәтижесінде 86:77 «Ertis» пайдасына. Бұл команданың Ұлттық лигадағы алғашқы жеңісі.
- Жеңіске жетуге тырыстық, жігіттер берген тапсырманы 90 процентке орындады. Әрбір ойында жеңіске жетуге тырысамыз. Командамыз жас, сол себепті бәрі ойдағыдай бола бермейді, - деді команда бапкері Артем Куринной.
Келесі кездесуді «Ertis» 14 желтоқсанда «Aqtobe»-ге қарсы өткізеді. Ойын Павлодардың СДЮШОР №2 (бұрынғы «Автомобилист» спорт кешені) алаңында өтеді.
Фото: Ольга Бугаева