Павлодарлық депутат екі аурухананың бас дәрігерлерін қызметтерінен босатуды ұсынды
Бір медициналық ұйымның кредиторлық берешегі 44 есе ұлғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық мәслихатының XVI кезекті сессиясында депутат, облыстық «Respublica» партиясы» филиалының төрағасы Маханбет Амангелді ауруханалардағы кредиторлық берешек мәселесін көтерді. Оның сөзінше, №1 қалалық аурухана жыл басындағы берешегі 1 миллиард 235 миллион теңге болса, тоғыз ай ішінде оған тағы 700 миллион теңгеге шығын қосылды. Ал №3 қалалық аурухананың берешегі 2023 жыл басында 8 миллион теңге болса, бір жарым жыл ішінде 44 есе өсіп, 356 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
– Былтыр Екібастұз қалалық аурахананың кредиторлық берешегі 700 миллион теңгені құрады. Қарыздың 50 пайызы коммуналдық қызметтерден шықты. Әлеуметтік сақтандыру қоры бұл жағдайға араласып, аурухана тарифтен үш есе артық төлейтінін анықтады. Қордың талқылауынан кейін коммуналдық қызметтер 2,5 есе төмендеді. Қосымша ауруханаға 415 миллион теңге қаржыландыру ұлғайтылды. Тиісінше қарыз қысқаруы керек еді. Алайда бүгінде берешек 968 миллион теңгеге дейін өсті, – деді Маханбет Амангелді.
Депутат Сұлтанов атындағы облыстық аурухана мен кардиологиялық орталықта ешқандай берешектің жоқтығын айтып, оң мысал ретінде келтірді.
– Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментінің мәліметінше, шағымдардың көпшілігі осы үш ауруханаға қатысты келіп түседі. Әдеттегідей №1 қалалық аурухана халықтың наразылығы бойынша көш бастап тұрады. Облыс басшылығынан № 1 қалалық аурухананың және Екібастұз қаласының бас дәрігерлерін атқаратын лауазымдарынан босатуды, ал № 3 қалалық аурахананың бас дәрігеріне тәртіптік сипаттағы шаралар қолдануды сұраймын, – деп атап өтті Маханбет Амангелді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың сөзінше, аталмыш медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегінен бөлек, дебиторлық берешегі де бар.
– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша біз бұл мәселені тәртіптік комиссияға шығарамыз. Бас дәрігерлерге қатысты тиісті тәртіптік шараларды қолданамыз, – деді Әнуар Бұйрашев.
Маханбет Амангелді бұл сұрақ шешімін таппаса, онда депутаттар Президент Әкімшілігіне Мемлекет басшысының тапсырмасын жергілікті атқарушы органдар мәслихаттармен өзара іс-қимыл және ұлт денсаулығын жақсарту бөлігінде орындамайтыны туралы хабарлайды.