Павлодардағы медициналық ұйымдар электрондық карталарға көшеді

Павлодардағы медициналық ұйымдар электрондық карталарға көшеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа талаптарға сәйкес медициналық ұйымдарда цифрлық жүйелердің болуы міндетті болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында медициналық ұйымдардың пациенттердің электрондық медициналық карталарымен жұмыс істеуге көшу мәселесі талқыланды.

Кездесуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Жиынға өңірдегі медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам жүргізді.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаментінің басшысы Ботагөз Сыздықова денсаулық сақтау саласындағы жаңа талаптар туралы айтып берді.

– Денсаулық сақтау министрі 8 мамырда медициналық цифрлық жүйелердің міндетті түрде болуы жөніндегі біліктілік талаптарын толықтыру туралы бұйрыққа қол қойды. Бұл пациент туралы барлық ақпаратты бір жүйеде жинақтауға мүмкіндік береді, – деді Ботагөз Сыздықова.

Оның айтуынша, жаңа жүйе дәрігерлерге пациенттің медициналық тарихын толық көруге, диагноз қою мен ем тағайындаудың сапасын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар азаматтар өз медициналық деректеріне онлайн форматта қол жеткізе алады.

Мамандардың пікірінше, бірыңғай цифрлық база медициналық көмектің сапасын жақсартып, аурулардың алдын алу мен емдеу тиімділігін арттырады.

Кездесу барысында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы Назира Әбішева да сөз сөйледі.

Ол 13 шілдеден бастап күшіне енетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Жиын қорытындысында қатысушылар денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, жаңа талаптарды іске асыру тетіктерін қарастырды.