Павлодар облысында 11 жасар қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцина салынады
Вакцина тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде егу күнтізбемізге енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова мәлім етті.
– 2024 жылдың күзіннен бастап ҚР 11 жасар қыздарды папиллома вирусына қарсы вакцинациялау енгізілуде, – дейді Зәмзәгүл Дощанова. – Қазақстанда жатыр мойны обыры бойынша екінші орында. Папиллома вирусы жатыр мойны обырына әкелетіні ғылыми дәлелденген. Республика бойынша Павлодар облысы онкологиямен сырқаттанушылық бойынша төртінші және өлім-жітім бойынша үшінші орында.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ал, жыл сайын 600-ден астам әйел осы аурудан қайтыс болады.
Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда Павлодар облысы онкологиялық орталығында 13000-нан астам науқас есепте тұр. Оның ішінде жатыр мойны обыры диагнозы қойылған диспансерлік есепте 1152 әйел бар. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде аймақта жатыр мойны обырының 20-ға жуық жаңа жағдайы тіркелген.
– Жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі - вакцинация, – дейді спикер. – Қауіпсіз вакцинада вирустың ДНҚ-сы жоқ. Аталмыш вакцина әлемде 2006 жылдан бері қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде егіледі. Ағымдағы жылы облыста 11 жасқа толатын бес-алты мыңға жуық қызды вакцинациялау жоспарлануда. Вакцина алты айлық аралықта екі рет егіледі.
Сондай-ақ, 11 жасында жоспарлы профилактикалық егу алмаған 15 жасқа дейінгі жасөспірім қыздарды иммундау жоспарда бар.
Оған қоса, вакцина қаланың емханаларында ақылы негізде қол жетімді болуы мүмкін.
Аймақ бойынша, екпелерден бас тартқан 934 бала бар. Олардың ішінде, жеке сенімдеріне байланысты – 701, вакциналарға сенімсіздік – 151, діни нанымдарға байланысты 71 бас тарту тіркелген.