Павлодарлық еріктілер халықаралық жобаларға қатысады
Бұл туралы Павлодарда өткен халықаралық волонтерлік форумда белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың айтуынша, Ертіс-Баян өңірінде еріктілер мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, бизнес-қоғамдастықпен және азаматтық сектормен табысты ынтымақтастық орнатып келеді.
– Бүгінгі волонтерлер – күнделікті игі істері арқылы конституциялық құндылықтарды өмірде жүзеге асырып жүрген белсенді азаматтар. Олар мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоршаған ортаны қорғауға, қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамытуға атсалысып, өзара көмек, ынтымақ пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін нығайтуға үлес қосуда, – деді Айгүл Маликова.
Еріктілер қозғалысына жастарды тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Павлодар облыстық студенттік құрылыс және жастар жасақтарының «Жасыл ел» штабы жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік өмірге тарту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның ішінде NEET санатындағы жастармен де жұмыс жүргізілуде. Штабтың арқасында жүздеген жас алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, экологиялық, патриоттық, әлеуметтік және волонтерлік акцияларға қатысып, өңірдің дамуына өз үлесін қосуда.
– Волонтерлік жобалар «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді. Олар жастардың бойында заңға құрметті, белсенді азаматтық ұстанымды, өзара көмек көрсету мәдениетін, жасампаз еңбек пен ел болашағына деген жауапкершілікті қалыптастырады. Сондай-ақ инклюзивті саясатты дамыту – өңіріміздің басым бағыттарының бірі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Павлодар облысында 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 4 200-і – балалар. Олар үшін 23 даму және ерте араласу орталығы, 35 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 58 оңалту құрылғысы сатып алынып, олардың игілігін қазірдің өзінде 80-нен астам бала көрді.
Инклюзивті ортаны қалыптастыруға «Алтын Бата» және «Клубный дом Альрами» қоғамдық қорлары да елеулі үлес қосуда. Олар волонтерлермен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу, сүйемелдеу және қолдау бағытындағы жобаларды жүзеге асырып келеді.
– Облыстағы волонтерлік қозғалыстың дамуына «VITA» іздестіру жасағы, «Майдан жолы», облыстық Қызыл Жарты Ай қоғамының филиалы және басқа да ұйымдар үлес қосып келеді. Сіздердің адамдарға шынайы көмек көрсетуге деген ниеттеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін әрқайсыңызға алғыс айтамын, – деді Айгүл Маликова.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанованың айтуынша, 2020 жылдан бері Павлодар облысында волонтерлік қызметті шағын гранттар арқылы қолдау тәжірибесі қалыптасқан. Қазіргі уақытта еріктілердің жұмысын Ұлттық фронт-офис үйлестіруде. Жыл соңына дейін волонтердің цифрлық паспорты, Волонтерлікті дамыту ұлттық индексі және 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы әзірленбек.
– Біз білім беру бағдарламаларын кеңейтуді, волонтерлік тәжірибені оқу мен жұмысқа орналасу кезінде мойындау тетіктерін енгізуді ұсынамыз. Халықаралық волонтерлер жылы аяқталғанымен, бұл бағыттың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тиімді механизмдерді қалыптастыру қажет, – деді Гүлбара Сұлтанова.
«Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк Қазақстанның волонтерлік қозғалысты қолдау ісіндегі бірегей тәжірибесін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бұл салада 800 ұйым мен 3 500-ден астам бастамашыл топ тіркелген.
– Бізді түрлі бастамалар біріктіреді, соның ішінде Павлодарда таныстырылған инклюзия бағыты да бар. Инклюзия – тек мүгедектігі бар адамдарға арналған бағыт емес. Бұл – барша азамат үшін қолжетімді орта мен тең мүмкіндіктер әлемін қалыптастыру, – деді Татьяна Миронюк.
Биыл павлодарлық волонтерлер Каспий өңіріндегі волонтерлік апта мен Астанада өтетін ТМД елдері волонтерлерінің форумы секілді екі ірі халықаралық іс-шараға қатыса алады.
– Бағдарлама өте мазмұнды болды. Біз көптеген қауымдастықтармен танысып, бірнеше бірлескен жобаны жоспарладық. Бішкекке оралған соң оларды жүзеге асыруға тырысамыз, – деді Қырғыз Республикасындағы «Даамду Н» және «БурИс» қорларының негізін қалаушы Нишана Жээналиев.
Еске сала кетейік, Павлодарда «EduBridge: Global Volunteer Forum for Inclusive Learning» қолжетімді және инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі халықаралық волонтерлік форумы өтті. Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Әзербайжан елдерінің, сондай-ақ Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының делегациялары қатысты.