Павлодардағы «Баянтау» кешенінде жаңа тұғыр орнатылады

Павлодардағы «Баянтау» кешенінде жаңа тұғыр орнатылады
Фото: жасанды интеллект

Жөндеу аяқталды, енді қауіпсіздік мәселесі шешіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдегі «Баянтау» спорт кешенінде жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанның шатыры мен еден жабыны жаңартылып, анықталған бірқатар кемшілік жойылды.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, спортшылардың жаттығуына арналған тұғырды да жаңарту жоспарланған. Жаңа құрылым орнатылғанға дейін уақытша нұсқа қарастырылады. Ал қазан айында спортшылар республикалық жарысқа кеткен кезде ескісін толықтай ауыстыру көзделіп отыр.

– Қазір ең маңызды мәселе – тұғыр. Спорт бөлімі конкурс жариялайды. Бір ай – бір жарым айдың ішінде бұл мәселені шешеміз. Қазан айында спортшылар республикалық жарысқа кеткен уақытта жаңа тұғырды орнатамыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Қала басшысы ата-аналарға негізгі жұмыстардың аяқталғанын жеткізуді тапсырды. Оның сөзінше, қазіргі уақытта нысанда күрделі мәселе жоқ. Тұғырға қатысты қалған шаруа белгіленген мерзімде сапалы орындалмақ.

Спортшылардың жаттығуына қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау басты назарда.

Еске сала кетейік, бұған дейін қала әкімі нысандағы барлық жұмысты 20 тамызға дейін аяқтау жоспарланғанын айтқан болатын.