Павлодарда әскери қызметшілер марапатталды

Павлодарда әскери қызметшілер марапатталды
Фото: 5512 әскери бөлім ұсынды

Ұлттық ұланның құрылуына арналған салтанатты жиын № 5512 әскери бөлімінде өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараға № 6679 әскери бөлімінің командирі, подполковник Аманжол Айтенов, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы,  «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Шарапатов және басқалары қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді. 

– 10 қаңтар – әскери қызметшілер үшін ерекше күн. Себебі, бұл күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Ішкі әскері құрылып, 2014 жылы төл әскерімізге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Биыл төл әскеріміздің құрылғанына 32 жыл толып отыр.  Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Ұлттық ұлан әрқашан  да халқы мен еліне қорған болған, – деді 5512 әскери бөлімінің командирі, подполковник Арман Пернекулов.

Салтанатты жиын барысында  әскери борышын үлгілі және өнегелі атқарған, жүктелген міндеттерді адал орындаған, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосқан бөлімнің әскери қызметшілері марапатталды. Оның ішінде Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшысы, генарал-майор Арман Жұмағалиевтың атынан 5512 әскери бөлімі бойынша жедел мақсаттағы бірінші батальон жедел мақсаттағы бірінші рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Райымбек Мұхтар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант Ақтілек Тасмырза, құжатнамалық- қамтамасыз ету бөлімшесінің бөлініс бастығы,  кіші сержант Толғанай Танбаева Алғыс хатпен марапатталды.

Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Шарапатов пен 5512 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Сабыр Мусинге бөлім  командирі, подполковник Арман Пернекуловтың атынан грамоталар табыс етілді. Сондай-ақ басқа да қызметкерлер түрлі марапаттарға ие болды. 

«AMANAT» партиясының қолдауымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Іс-шараның шымылдығын әскери бөлімнің оркестрі мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының сарбазы, қатардағы жауынгер Ерасыл Әсетұлы ҚР Ұлттық ұланының Әнұраны «Ел қорғаны» әнімен жапты.