Павлодар облысында асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны қалай алуға болады?
Павлодар облысында асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны қалай алуға болады?
Аймақ бойынша жыл басынан аталмыш жәрдемақы 196 тұрғынға тағайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны оның асырауындағы еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері ала алады.
Оларға жатады:
- еңбек қабілеттілігіне қарамастан, 18 жасқа толмаған қайтыс болған адамның туған балалары;
- 18 жасқа толмаған асырап алынған балалар, егер олар алимент алмаса;
- еңбекке қабілетті ата-анасы болмаған кезде 18 жасқа толмаған аға-әпкелері мен немерелері;
- кәмелетке толған балалар, бауырлар, әпкелер мен немерелер, егер олар 18 жасқа дейін мүгедек деп танылса;
- зейнеткерлік жасқа толған әкесі, анасы, жұбайы;
- егер ол сегіз жасқа толмаған қайтыс болған асыраушысының балаларын, бауырларын немесе немерелерін күтумен айналысса және жұмыс істемесе, ата-анасының бірі немесе жұбайы не атасы, әжесі, ағасы немесе әпкесі жасына және еңбекке қабілеттілігіне қарамастан;
- зейнеткерлік жасқа толған қайтыс болған адамның атасы мен әжесі, егер оларды асырайтын ешкім болмаса;
- оқуды жалғастыратын 18 жастан асқан және 23 жасқа толмаған асырауындағылар.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, жәрдемақының бұл түріне құқылы.
Асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы тағайындау үшін қажет құжаттар:
- жеке куәлік;
- баланың туу туралы куәлігі;
- асыраушысының қайтыс болғаны туралы куәлік немесе хабарлама немесе адамды хабар-ошарсыз кетті (қайтыс болды)деп тану туралы сот шешімі;
- асырауындағы адамның қайтыс болған адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжат (туу туралы, неке туралы, некені бұзу туралы, әке болуды (ана болуды) белгілеу туралы куәлік және т.б.).
Сондай-ақ, орталық қызметкері көрсетілетін қызметті алушыдан қосымша сұратуға құқылы:
- азаматтық хал актілерін жазу органдарынан анықтама (егер әкесі туралы мәліметтер туу туралы куәлікке анасының өтініші бойынша енгізілген болса);
- оқу орнынан анықтама; - қорғаншылық немесе қамқоршылық туралы растайтын құжаттар.