Павлодарлық этнодизайнер: Kalifarniya Нью-Йоркте шыққанда төбем көкке жетті
Талантты этнодизайнер Әсел Бекжігіт көпшілікке Kalifarniya лақап атымен белгілі әнші Фархат Қалиевке авторлық күртешесін сыйға тартқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол құрақ құрап, күртеше тігуді осыдан екі жыл бұрын бастаған.
Қолөнершінің айтуынша, құрақты көбінесе көрпешелер мен жастықтарға тіккендіктен, бұл өнерді жастардың көзқарастарына сай, жаңаша түрде ойлап шығару мақсатында күртеше тігуді қолға алған.
– Этно стильдегі күртеше өзіме қатты ұнады. Содан еліміздің дарынды жігіті, әнші Kalifarniya-ға алыс-жақын шетелдерде елімізді танытып жүргеннен кейін сыйға тартуды жоспарладым, – дейді этнодизайнер. – Павлодарға жолы түскенде қуана сыйға тарттым. Кейін әншінің директоры хабарласып, күртешені ұнатқанын айтып, алғыс білдірді. Біздің қаладағы іс-сапарынан кейін ол Америкадағы Нью-Йорк қаласына шақырту алған екен. Сол концертке күртешені алып кеткенін айтып, күртешемен түскен фото, видеолар жіберді. Америка халқының бірден көзі түскенін айтқанда төбем көкке жетіп, өте қатты қуандым, риза болдым.
Шебердің сөзінше, мұндай стильдегі күртешені тігудің ұзақтығы киімнің өлшеміне байланысты. Оның әрқайсысы бір төрт бұрышты құрақтан тұрады.
– 10 күнде бір күртешені тігіп шығуға болады, алайда қосымша жұмыстар, үйдің тұрмыс-тіршілігі бар болғандықтан, бір айға дейін созылып кетуі мүмкін, – дейді Әсел Бекжігіт.
Сондай-ақ, қолөнерші – өңірде алғаш кілем бетіне сурет салу өнерін бастағандардың бірі. Бұл өнерді былтырдан бастап қана қолға алған ол бүгінгі таңда сақ патшайымы Томиристің, еліміздің бұлбұл әншісі, ҚР Халық әртісі Роза Бағланованың бейнелерін кілем бетіне түсірген. Тарихта есімі қалған әйел адамдарды салудағы мақсаты – қазақ аналарын дәріптеу, даналығын сурет арқылы көрсету.
– Менің алғашқы туындым – дулыға киген батыр қыз «Томирис». Тарихқа сақ патшайымы ретінде енген. Бірақ кейбір жерде ол бетперде киген ер адам болған деп жатады. Сол себепті картинаға қараған кезде ер адамға да, әйел адамға да ұқсағанын қаладым. Ең қиын түскен картинам деп те сол «Томиристі» айта аламын. Себебі, алғашқы туындым болғандықтан және кілемге алғаш салғандықтан, қатты қобалжу мен толғаныс болды. Біріншіден, қарапайым адам емес, тарих бетіндегі кісі ғой. Ал, екіншіден, кілем қағаз сияқты беті тегіс емес, түкті болып келеді. Жаққан бояуды жұтып алатын қасиеті бар, – дейді Әсел Бекжігіт.
Айта кетерлігі, аталмыш жұмыс облысымызда көркемсурет өнері мұғалімдері арасында жыл сайын өтетін байқауға арнайы салынған және суретші бұл жұмысымен бірінші орынды қанжығасына байлаған.
Қылқалам шебері кілем бетіне түсіретін портреттерді салу үшін жұмсалатын бояу мен уақыт материалдың көлеміне байланысты екенін айтады.
– Ал кілемнің сапасына келетін болсақ, ең бастысы, оюлы болғанын қалаймын. Себебі суретті салғаннан соң оның фонында бір элемент болса деп ойлаймын, – дейді суретші.
Әсел Бекжігіт алдағы уақытта тағы да байқауларда өнерін шыңдап қана қоймай, сурет салуды үйренгісі келетін балалармен де жұмыс істеуді жоспарлап отыр.