Құймақтан уланған: Павлодарда санитарлық нормаларды сақтамаған кәсіпкер жазаланды
Эпидемиологтар тексерісті аяқтап, шаралар қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
28 мамырда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына төрт өтініш келіп түскен. Төрт адам Ак. Шөкин көшесінде орналасқан «Eco bazaar» сауда нүктесіндегі «Кренделия» дүкенінен ветчина, тауық еті мен ірімшік қосылған құймақтарды сатып алғаннан кейін уланды. Басқарма қызметкерлері жоспардан тыс тексеріс ашып, кәсіпкерлік нысанға барды.
– Тамақ өнімдерін сақтау және өткізу кезінде санитарлық нормалардың бұзылуы анықталды, – деді басқармада.
Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес жеке кәсіпкерге қатысты шаралар қабылданды. Ол 424 580 теңге мөлшерінде айыппұл төлеп, бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау керек. Қазіргі уақытта аталмыш өнім сатылымнан алынды.