Павлодар облысында үй шаруасындағы әйелдермен жұмыс үшін әкімдер жазалануы мүмкін
Өңірде сегіз мыңнан астам адам жұмыссыз жүр. Бұл мәртебені 16 пайызы ғана растады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста қазақстандықтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту мәселесі талқыланды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, облыста сақтандырылмаған үй шаруасындағы әйелдермен және жұмыссыздармен жұмыс қарқынды жүргізілуде.
– Медициналық ұйымдар ұсынған тізімдер бойынша «Е» және «Д» санаттары бойынша «үй шаруасындағы әйел» және «жұмыс істемейтін адам» мәртебесі бар 8161 адам тұрады. Жалпы 1266 адам тіркелді. 154 жұмысқа орналастырылды, 125 жұмыссыз ретінде тіркелді, белсенді шаралармен 97 адам қамтылды. 612 адам жұмыссыз ретінде тіркелуден және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартты, — деді Альмира Дисюпова.
Бас тартудың негізгі себептері – көптеген павлодарлықтар іс жүзінде бейресми жұмыс істейді және ресми жұмысқа орналасудан бас тартады. Барлық күш-жігерге қарамастан, үй шаруасындағы әйелдермен және жұмыссыз адамдармен Баянауыл және Шарбақты аудандарында, сондай-ақ Ақсу қаласында тиісті деңгейде жұмыс атқарылмаған.
Асайын Байханов бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Мұндай адамдардың мәртебесін анықтау қиын болғанымен, аудандардағы жұмысты күшейту қажет. Олай болмаған жағдайда аталған әкімшілік бірліктердің әкімдері жазаға тартылады.
– Осы бағыттағы жұмыстарды тезірек жандандырып, азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ету шараларын қабылдауды тапсырамын. Халықты мүмкіндігінше күрделі жөндеу орындарына, дала жұмыстарына орналастыру қажет. Әйтпесе, әкімдер жауапкершілікке тартылады, – деді Асайын Байханов.
Мамандар үй-үйді аралау барысында үй шаруасындағы әйел немесе жұмыссыз мәртебесі расталған 4322 адамды анықтады. Облыстың 1 957 тұрғыны нақты облыста тұрмайтын болып шықты. 2573 адамның мәртебесін бекіту жұмыстары жалғасуда.