Павлодардан Ақмола облысына гуманитарлық көмек жөнелтілді
Жүктің салмағы 10 тоннадан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының базасында сәуірдің басында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинайтын облыстық пункт ашылған болатын. Алғашқы күндері тұрғындар мен еріктілермен жиналған қажетті заттар Ақтоғай ауданының Жалаулы мен Шолақсор ауылдарына жіберілді. Кезекті гуманитарлық көмек кеше ғана төтенше жағдай режимі жарияланған Ақмола облысының Атбасар ауылына жөнелтілетін болады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы әрдайым қол ұшын созуға дайын. Үш миллион теңге сомаға қажетті дәрі-дәрмек, азық-түлік және тағы да басқа қажетті заттар алынды. Барлық этномәдени бірлестіктер, Аналар мен ақсақалдар кеңесі, Ассамблея жастары, мектеп оқушылары, студенттер қайырымдылық шарасына өз септігін тигізді, – деді облыстық «Ассамблея жастарының» жауапты хатшысы Эльдар Захаров.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Ризат Рахимановтың айтуынша, Ақмолаға 10 тоннадан аса жүк жөнелтіледі.
– Облыстық гуманитарлық көмек жинау нүктесі өз жұмысын ары қарай жалғастырады. Зардап шеккен отбасыларға көмектескісі келетін жандар үшін орталығымыздың есігі ашық. Келесі жинаған жүкті Қостанай облысына жібереміз. Оған заттарды жинау үшін қайырымдылық шараны жалғастырамыз, – деді ол.
Еске сала кетейік, павлодарлықтар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың ұсынысын алғашқылардың бірі болып қолдады. Үш күн ішінде 1,5 миллион теңгеге екі тоннадан астам гуманитарлық жүк жиналды – аяқ киім, азық-түлік, сабын-жуғыш заттар, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмектер.
Фото: Константин Музалевский