Павлодарлық кітапханашы: Буын биі артық салмақ жоғалтуға көмектеседі
Қара жорға биінің басқа атауы «буын биі» деп аталатыны кеш қонақтарын таңқалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада 15 қазан – Ұлттық би күніне орай Шара Жиенқұлова туралы деректі фильм қойылып, «Қазақ ұлттық би өнері» атты кітап көрмесі және мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
– Кітапханамызға қазақтың ұлттық би өнерін жастарға айшықтау, насихаттау, кеңінен жеткізу бойынша мерекелік іс-шара өткіздік. Кеш би өнерінің тарихына саяхат жасап, әсіресе қазақтың ұлттық биі туралы ақпарат алуға, қазақ халқының әсем биін тамашалап, көрермендер қауымында қара жорға биін билеп көрсетуге мүмкіндік береді, – деді кітапхананың креативті шығармашылық орталығының басшысы Марал Тәженова.
Оның айтуынша, буын биінің адам денсаулығына пайдасы зор. Мысалы, артық салмақ жоғалтуға көмектеседі. Билеген кездегі жаттығулар жүрекке, қан тамырларына, бұлшықеттерге және дене буындарына оңтайлы жаттығулар береді. Би дұрыс қалып қалыптастырып қана қоймай, омыртқаның сауығуына да ықпал етеді. Би адамды сергітеді, көңілді әрі қызықты өмір сүруге көмектеседі.
Кешке Ы. Алтынсарин атындағы гимназия мектебінің бишілері және М. Катаев атындағы оқушылар сарайының «Жұлдыздар» би студиясының бишілері мың бұралып, қазақтың ұлттық биін биледі.
Айта кетерлігі, жыл басында облыстық кітапхана әр айдың 15 күні - Ұлттық күн деп жарияланған болатын. Осы айға дейін ұлттық киім мен әшекей бұйымдар күні, дәстүрлер фестивалі, ұлттық тағамдар күні, халық ертегілері күні, ұлттық жеті қазына күні, ұлттық ойындар күні, ұлттық аспаптар күні, қазақ тілі күні ұйымдастырылды. Келесі айда ұлттық ою-өрнегі күні ұйымдастырылады.
Таңнұр Әленқызы