Павлодарда тұрмыстық қалдықтан жасалған жол жамылғысы сынақтан өтті
Жоба коксохимиялық өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мәдениет Елубай тұрмыста жиі кездесетін, бірақ қайта өңдеуге қиын қалдықтардан экологияға зиянсыз құрылыс материалдарын жасаудың жаңа әдісін әзірлеумен айналысып жүр.
Ғалымның айтуынша, жобаның мақсаты – полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдықтары негізінде физика-химиялық және пайдалану сипаттамалары жақсартылған жаңа жол жамылғысын алу технологиясын жасау. ПЭТ – күнделікті өмірде кең қолданылатын, мысалы, пластикалық бөтелкелер мен орамалар жасалатын материал. Алайда оны қайта өңдеу қиын. Зерттеулер заманауи аспаптық әдістермен жүргізілуде.
Сондай-ақ пластик қалдықтарын пайдалана отырып, жаңа асфальтобетон қоспаларын жасау жоспарланып отыр.
– Бұл міндет аясында бетон қоспасын алудың практикалық ұсынымдары мен параметрлері анықталады. Алынған материалдардың негізгі физика-химиялық және пайдалану қасиеттері зерттеледі, – дейді Мәдениет Елубай.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – Павлодардағы мұнай коксын күйдіру қондырғысынан шыққан қалдықтарды қолдану мүмкіндігін зерттеу. Мұнда бетон құрамына қосуға болатын кремнийі бар қоспалар туралы сөз болып отыр. Ғалымдар кокс өндірісінің күлі негізінде бетон қоспасының құрамын және оны алудың оңтайлы жағдайларын іріктеуде.
Зерттеу нысандары ретінде пластик қалдықтары, БНД 70/100 маркалы битум және кокс күйдіру қондырғысынан алынған күл таңдалған.
– Біз пластик қалдықтарының құрамы, құрылымы мен қасиеттерін зерттеп шықтық. Оларды битумды модификациялау үшін қолдану мүмкіндігін қарастырдық. ПЭТ модификаторының оңтайлы мөлшерін және оның битум құрамына әсерін анықтадық. Сондай-ақ кокс өндірісінің күлінің құрамын зерттедік, – дейді ғалым.
Алынған алдын ала нәтижелер кокс өндірісінің күлін битуммен бірге асфальтобетон жасау үшін қолдануға болатынын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда дайындалған үлгілер түрлі физика-химиялық қасиеттер бойынша сынақтан өтуде. Бұл қалдықтарды қоспа ретінде пайдалануға, асфальт өндірісінің өзіндік құнын төмендетуге және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді, өйткені қалдық көлемі жылдан жылға артып келеді.
Ғалымдар мұндай зерттеулер әлемнің көптеген елдерінде жүргізіліп жатқанын атап өтеді. Алайда Қазақстанда жағдай өзгеше.
– Біздің кәсіпорындарда қолданылатын материалдар мен шикізаттың құрамы, сапасы және техникалық сипаттамалары өзгеше. Ал өндірістен шығатын қалдықтар дайын шетелдік технологияларға сәйкес келмейді. Сондықтан біз бәрін басынан бастап зерттеп, өз рецептураларымызды жасауға мәжбүрміз, – деп түсіндіреді Мәдениет Елубай.
Бұл зерттеулердің нәтижелері жаңа жол жабындарын жасауға негіз бола алады және ресурстық әлеуетті тиімді пайдалану мен коксохимиялық өндіріс қалдықтарын өңдеу сияқты маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі.