Екібастұзда жас құтқарушылар телестудия ашты

Екібастұзда жас құтқарушылар телестудия ашты
Фото: «Қайнар» білім беру-демалыс кешені ұсынды

Алғашқы түсірілімі жарияланып үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екібастұз қаласындағы «Жас құтқарушы» балалар қауіпсіздігі жөніндегі мамандандырылған оқу-жаттығу орталығының тәрбиеленушілері өз телестудияларынан хабар тарата бастады. Оқушылар болашақ және қазіргі ТЖМ қызметкерлері туралы алғашқы хабарларын орталықтың туған күнінде инстаграмдағы парақшасында эфирге шығарды. ҚР ТЖМ басшылығы түсірілім үшін  арнайы жиһаз бен жабдықтарды сыйға тартты.  

Екібастұзда жас құтқарушыларды кәсіптік даярлауға арналған мамандандырылған оқу-жаттығу орталығы өткен жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. «Қайнар» білім беру-демалыс кешені базасында ашылған қосымша білім беру ұйымы Екібастұз білім бөлімі мен ТЖ басқармасының бірлескен жобасы болып табылады. 

– «Жас құтқарушылар» орталығында, сондай-ақ Екібастұздың әр мектебінде құрылған отрядтарда оқыту оқушылардың бойында алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын қалыптастырады және ең бастысы-көшеде және тұрмыста қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін білуін нығайтады, –деді орталық басшысы Диана Әбенова. 

Жасақ командирі Диана Концевая жобаға жалпы білім беретін мектептердің 7-10 сынып оқушылары қатысатынын атап өтті. Оқушылар ТЖ басқармасымен бірлесіп әзірленген қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағдарламасы бойынша білім алуда. Балалар практикалық дағдыларды қалалық ТЖ басқармасы базасында және жыл сайынғы жарыстарды өткізу кезінде өрт-құтқару бөлімшелерін даярлау жөніндегі оқу-жаттығу орталығында бекітеді. Оқушылар сонымен қатар өрт сөндірушінің арнайы киімін кию, жартасқа өрмелеу, қолайсыз жағдайларда аман қалу, күйік, үсік шалу, көміртегі тотығымен улану, қан кету кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын пысықтайтын каникулдық тәжірибеден өтеді. 

«Жас құтқарушы» тәрбиеленушілерінің айтуынша, телестудияның ашылуы орталықтың мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. 

– Жасыратыны жоқ, жасөспірімдердің көпшілігі ақпаратты әлеуметтік медиа арқылы алады. Біздің әлеуметтік желідегі парақшамыздың және жаңа жабдықтың арқасында біз кез келген уақытта және жерде хабар тарата аламыз,– деді  «Құтқарушылармен қонақта» телебағдарламасының жүргізушісі Людмила Браун. 

Қазір орталық белсенділері құтқарушылармен бірге өткізген күзгі демалысы туралы жаңа репортаж – бейнеролик шығаруға дайындалуда. Оқушылар рейдтерге қатысып, мамандыққа еніп, тәжірибе жинады. 

Орталықтың тәрбиеленушілері аптасына кемінде екі рет эфирге шығуды жоспарлап отыр. Балалар өз отрядының қызметі туралы, тәлімгерлердің күнделікті өмірі туралы айтуды жоспарлап отыр.