Павлодарлық кәсіподақтар жылды қорытындылады

Павлодарлық кәсіподақтар жылды қорытындылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі 2025 жылы атқарылған ауқымды жұмыстарды саралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Кәсіподақтар үйінде әлеуметтік әріптестердің қатысуымен өңір кәсіподақтарының аумақтық бірлестігі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген форматтағы қорытынды отырысы өтті.

Жиынды аша отырып, бірлестік төрайымы Динара Айтжанова 2025 жыл еңбек құқықтарын қорғауда белсенді жұмыс пен нақты шешімдерге толы жыл болғанын атап өтті. Бүгінде өңірдегі кәсіподақ қозғалысы 15 салалық кәсіподақты, 1233 бастауыш ұйымды және 136 мыңнан астам мүшені біріктіріп отырған қуатты күшке айналды.

Биылғы жылы кәсіби біліктілік пен құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, ұйымдастырылған 78 семинар аясында 5 646 адам қамтылды. Сонымен қатар «Еңбек консультациялары» акциясы шеңберінде 19 іс-шара, «Құқықтық жаппай оқыту» жобасы аясында 18 кездесу өткізілді. Арнайы Құқықтық клиника арқылы 400-ден астам қызметкерге кәсіби көмек көрсетілді.

Жыл бойы Үйлестіру кеңесінің сегіз отырысы өткізілсе, оның бірқатары өндірістік кәсіпорындар базасындағы көшпелі жиындар форматында ұйымдастырылды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық бақылауды күшейту және әлеуметтік әріптестікті дамытуға арналды.

Қорытынды сөзінде Динара Айтжанова барлық бастамалардың Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылғанын, бұл индустриялық аймақ болып саналатын Павлодар өңірі үшін стратегиялық маңызы бар екенін қадап айтты.

Отырыс соңында Үйлестіру кеңесінің белсенді мүшелеріне аумақтық бірлестіктің «Алғыс хаттары» табысталды. Сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко «Кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» медалімен марапатталса, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Николай Дычкоға арнайы алғыс хат берілді.