Ақсуда жастар құқықтық мәдениет пен жауапкершілікті талқылады
Жастар жеке жауапкершілік, этносаралық келісім және ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы жоғары көпсалалы колледжде «Бірлік. Заң. Қоғам» жобасы аясында кездесу өтті. Іс-шара студенттердің құқықтық және медиасауаттылығын арттыру, қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыру және этносаралық келісімді нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Студенттер алдында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Әсет Әбжақов пен «Институт актуальной политики» қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Коновалов сөз сөйледі.
Сарапшылар жастармен құқықтық мәдениет, ақпараттық қауіпсіздік және өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау мәселелерін талқылады. Әсіресе шынайы ақпаратты жалған мәліметтен ажырату, интернеттегі хабарламаларды сыни тұрғыдан бағалау және өзге адамның пікіріне құрметпен қарау дағдыларына назар аударылды.
Жаяу Мұса атындағы колледж директорының орынбасары Айжан Мусатова-Алботтың айтуынша, кездесу студенттерге әр адамның қоғамдағы рөліне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берген.
– Бүгінде жастар өз құқықтары мен міндеттерін біліп қана қоймай, ақпарат ағынында бағдар табуды, сыни ойлауды және сөздері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезінуді меңгеруі керек. Бір-бірімізді құрметтеу, заңды сақтау және жеке жауапкершілік қоғамдағы сенім мен келісімнің негізін қалайды, – деп атап өтті Айжан Мусатова-Албот.
Оның сөзінше, спикерлер жастарға түсінікті күнделікті өмірден алынған мысалдарды пайдаланды. Соның арқасында кездесу мазмұнды әрі ашық пікір алмасу форматында өтті.