Павлодарлық опера әншісі Prada киіп журнал мұқабасына шықты
Павлодарлық әнші басылым беттерінде бірнеше бейнеде пайда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мария Мудряк Harper's Bazaar Kazakhstan журналы үшін түсірілімге қатысты. Опера әншісі Prada және басқа танымал әлемдік брендтің жоғары зергерлік бұйымдар топтамасының алқасын тағып, фотоға түсті.
Мария Мудряк – бүкіл әлемге танымал опера әншісі. Ол Павлодарда дүниеге келген, бірақ он жасынан бастап Италияда тұрады. Осыған қарамастан, Мария Мудряк Қазақстан азаматтығынан бас тартқан емес. Әнші әлемдегі ең үздік он сопраноның қатарына кіреді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мария Мудряктың шетелде ұлттық мәдениетті ілгерілету мен жаңғыртуға қосқан зор үлесін атап өтті.
Опера дивасы Миландағы жоғары музыка академиясында білім алды. Мария Мудряк дирижерлер Карло Рицци, Ренато Палумбо, Алдо Сисилло, Фабрицио Карминати, Кристофер Франклин, Мэттью Окойн және Никола Пазковскимен, сондай-ақ режиссерлер Лео Нуччи, Уго Де Ана, Ферзан Өзпетек, Чиара Мути және Андреа Синимен әріптестікте жұмыс істеген.
2017 жылы әнші Operalia дүниежүзілік опера байқауында жеңіске жетті. Жыл сайынғы халықаралық опера әншілерінің байқауын 1993 жылы Пласидо Доминго құрды.
2024 жылдың жазында атақты әнші Павлодарға келіп демалды. Мария Мудряк бірнеше күн бойы туыстары мен достарының ортасында демалып, Баянауылда болды.
Harper's BAZAAR – алғаш рет 1867 жылы жарық көрген Америкада жарияланған сән және сұлулық журналы. Harper's Bazaar Kazakhstan бірінші нөмірі 2004 жылдың қазан айында шықты.