Павлодарлық оқушы республикалық байқаудың бас жүлдегері атанды
Балалар көркемсурет мектебінің 7 жасар оқушысы Игорь Чиркин ЮНЕСКО аясында қашықтықтан өткен I республикалық «Жас суретші» көрме-байқауында бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 500-ден астам бала қатысқан. Оның ішінде Павлодар көркемсурет мектебі оқушыларының екі жұмысы ұсынылды.
- Игорь - өте талантты, еңбекқор бала. Ол барлық суреттерді мұқият және шығармашылықпен орындайды. Сондай-ақ спортпен, атап айтқанда, футболмен айналысқанды ұнатады. Байқауға гуашьпен орындалған «Мен футбол ойнағанды жақсы көремін» тақырыбындағы суретін ұсынуы да кездейсоқ емес, - дейді жеңімпаздың педагогы Оксана Сидоренко.
Игорь Чиркин 2021 жылы Екібастұз қаласында өткен «Құстың үні» республикалық экологиялық байқауының, «Қысқы қиялдар» өңірлік байқауының бірнеше дүркін жүлдегері.
Айта кетерлігі, көрме-байқауды Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласындағы өнер мектебі арт-марафон форматында қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтар федерациясының қолдауымен ұйымдастырған.
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі