Естайдың сүйіктісіне арналған: Павлодарда жетігеншілер ансамблі қалай құрылды?

Естайдың сүйіктісіне арналған: Павлодарда жетігеншілер ансамблі қалай құрылды?

Халық әндері мен замануи стильдегі әндерді көп ішекті аспапқа салып орындайтын музыканттарды тәрбиелейтін «Қорлан» ансамблінің еңбегі республика мен халықаралық деңгейде бағаланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Естай атындағы мәдениет сарайында 68 клубтық құрылым жұмыс істейді. Соның бірі – 2015 жылы құрылған «Қорлан» жетігеншілер ансамблі. 

Ансамбль жетекшісі, ҚР-ның күйшілер одағының мүшесі Раушан Нагишпаеваның айтуынша, ұжымның атауы Естайдың сүйіктісінің құрметіне қойылған.  

– Жетіген – 23 ішекті, ұлттық музыкалық аспап. Көп ішекті аспапта ойнау оңайға соқпайды. Өте қиын беріледі, – деді ол. – Ең басында бала саны өте аз – үш-төрт оқушы ғана болған еді. Бірақ ансамбль қатысушылары аз болса да, көптеген шығармашылық шараларға белсене қатысып жүрді.  

Оның сөзінше, бүгінде «Қорлан» ансамблінде 13 қатысушы бар. Мұнда 7-17 жас аралығындағы балалар келеді.  Биыл қыркүйекте балалардың бөлек тобы ашылған. Өнер орталығында шәкірттерді жас ерекшелігіне қарай дайындап, өнерге баулиды.

– Жетіген аспабын көп біле қоймайды. Әрине, барлығын үйретіп түсіндіреміз. Оған да көп уақыт кетеді. Бастапқы екі жыл қиын болды. Жалпы бүкіл бағдарламаны меңгеру үшін жеті жылдай уақыт керек,– деді Раушан Нагишпаева.

Өнерпаздар қазақтың әртүрлі ұлттық әндер, күйлер, шығармаларын орындауды үйренеді. Оған қоса замануи үлгідегі әндерді де жаттап, ойнайды.  

– Кіші балаларды Жаңа жылға орай «Jingle Bells» әнін жетігенге салып, ойнауға үйренеміз.  Бұл әуендер құлаққа жеңіл әрі әлемге танымал, – деді спикер. 

«Қорлан» ансамблі алғаш рет 2018 жылы жетістікке жеткен. Мәскеу қаласындағы халықаралық сайысқа қатысып, бірінші орынды иеленген. Сол кезден бастап ансабльдің деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. 

2021 жылы «Рухани қазына - 2021» облыстық онлайн фестивалінде «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы - 2021» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2023 жылдың ақпан айында Астана қаласында өткен республикалық «Дала әуені» атты сайыста бас жүлде иегері атанды.

– Біздің ансамбль көптеген халықаралық және де республикалық сайыстардың лауреты. Жуырда ғана «Жаңа Жұлдыз» атты республикалық сайыста бас жүлде иегері атандық, – деді Раушан Нагишпаева.

Ансамблдің шәкірттері Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияда оқыған. Олардың бірі – Жансая Қабышева былтыр Павлодар қаласының музыкалық колледжінде жетіген сыныбын ашты.

Фото: «Қорлан» ансамблі ұсынды