Павлодарда жауынгерді ажалдан арашалап қалған құран-тұмар көпшілікке таныстырылды

Павлодарда жауынгерді ажалдан арашалап қалған құран-тұмар көпшілікке таныстырылды
Фото: автор

Көрмеде өлім шебінен өткен сарбаздың естелігі айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар өңірінде соғыс жылдарының үнсіз куәсіне айналған ерекше жәдігер сақтаулы. Сіріңкенің қорабына сыйып кететіндей шағын құран кітапша Ұлы Отан соғысының ардагері Қайдар Жазкеновке тиесілі.

Ұзындығы 3,5 см, ені 2,5 см болатын кітапша металдан жасалған мұқабамен қапталған. Бетіне өрнек жүргізіліп, мойынға тағуға арналған ілмек орнатылған. Жазуы өте ұсақ болғандықтан, қорапшасына арнайы лупа бекітілген. Мұндай құран-тұмарлар XIX ғасырдың соңында жасалған.

Құран-тұмар бүгінде Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылында тұратын зейнеткер Санат Сыздықовтың үйінде сақтаулы. Оның айтуынша, жәдігер атасы Сыздықтың інісі Қайдар Жазкеновке тиесілі болған.

Зейнеткердің сөзінше, құран кітапшаның тарихы соғыс жылдарымен тығыз байланысты.

- Тұтқында жүргенде жанында түрік жігіті болыпты. Сол кісі ағамызға мойнында жүрген құранды сыйлаған. Бірде тұтқындарды атып жатқанда оқ тек шынашағына тиіп, өзі адамдардың астында қалып қояды. Кейін тірі қалғанын осы құран-тұмармен байланыстыратын, - деді ол.

Ауыр сынақтан аман өткен Қайдар Жазкенов кейін Жапонияға қарсы соғысқа да қатысқан. Алайда тұтқында болғаны үшін ұзақ уақыт бойы лайықты құрмет көрмеген. Тек кейінгі жылдары ғана марапаттарға ие болған.

Соғыстан кейін ол Аққулы ауданының Шоқтал ауылында еңбек етіп, ұрпақ өсірген. Бүгінде оның көзін көргендер мен ұрпақтары батырдың ерлігі мен тағдырын ұмытпай келеді.

Музей қызметкерлері бұл құран-тұмарды өңір тарихындағы сирек кездесетін жәдігерлердің бірі ретінде бағалайды.