Баянауылда жұрт назарына ұлы жерлестеріміз туралы кітаптар ұсынылады
Іс-шарада өңір жазушылары кітаптарының тұсауы кесіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
17 тамыз күні сағат 9:00-де Баянауыл ауылының С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінде «Баянауыл – ұлылар мекені» атты іс-шара өтеді.
– Іс-шара барысында академик Әлкей Марғұлан туралы абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың «Еңбек сүйген өмір» атты эссе жинағы, Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаев құрастырған «Дархан дарын» кітабы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосын құрастырған жазушы «Жүсіпбек Аймауытұлы» жинағының тұсаукесер рәсімдері өтеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ, іс-шара барысында Амантай Құдабаевтың Шәкен Айманов туралы «Сұңғыла» атты естеліктер кітабы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Жұмағали Қоғабайдың «Сәтбаевтар әлемі» кітабының, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевтың жазған «QANYSNAME» кітаптары қонақтарға таныстырылады.
Ұйымдастырушылар іс-шара барысында қонақтарды «Баянауыл – ұлылар мекені» атты кітап көрмесімен танысуға шақырады. Кітап көрмесінде 100-ден астам ұлы мекен Баянауыл жайлы және Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов туралы әдебиеттер қойылады.