Павлодарлық полицей ММА бойынша «Үздік спортшы» атанды
Ол халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда үздік жаттықтырушылар мен спортшыларды анықтау үшін өткен жылдың қорытындысын шығаруға арналған салтанатты іс-шара өтті. Спортты дамытуға қосқан үлесі мен жоғары жетістіктері үшін Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Айда Аблаева «ММА бойынша үздік спортшы» атағына ие болды. Марапат оған халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері мен лайықты өнер көрсеткені үшін табысталды.
– Біздің қызметкерлеріміздің жетістіктері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыспен күрес жолындағы күнделікті қызметте әр полицейге үлгі әрі ынталандыру болуы тиіс. Қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, алдағы уақытта да мақсаттарыңызға сенімді түрде жете беруіңізге тілектеспіз, – деп атап өтті полиция ведомствосында.
Өткен жылы Айда Ливанның Джуния қаласында өткен ММА бойынша Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Оның қарсыластары Сирия, Ливан және Тәжікстан елдерінің спортшылары болды. Айда Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Павлодар облысынан шыққан алғашқы әрі жалғыз қыз ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар, ол осы спорт түрінен спорт шебері нормативін орындап, өзінің жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеді.
Жастығына қарамастан, Айданың спорттағы жетістіктері аз емес. Мәселен, ол –акробатика және панкратион спортынан спорт шебері, Nomad MMA бойынша спорт шеберлігіне кандидат, панкратион, ММА және Nomad MMA бойынша Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Nomad MMA бойынша Әлем кубогының және ММА бойынша Азия чемпионатының жеңімпазы, ММА бойынша Азия және әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері.
– Спортқа мені алты жасымда ата-анам алып келді. Жолым акробатикадан басталды. Ол маған тәртіпті үйретіп, мінезімді шыңдады. Мен үшін әрдайым басты үлгі – әкем. Ол да мен секілді осы спортпен өмір сүреді: дайындықтарыма белсенді қатысады, спаррингтерде бірге шығады, жаттығуларымда қасымнан табылады. Бұл мен үшін жай ғана әкелік қолдау емес, үлкен мотивация мен жауапкершілік. Оның сенімі мен жеке қолдауы мені шыңдап, өзіме деген сенімділікті арттырады. Уақыт өте келе спорт менің өмір салтыма айналды: ерте тұру, тәртіп, шаршау және өз-өзіммен үздіксіз жұмыс. Кейде тоқтағым келген сәттер болды, бірақ дәл сол кезде ата-анам алға ұмтылып, ешқашан берілмеуді үйретті, – дейді Айда Аблаева.
Әріптестері Айдаға алдағы уақытта да жеңістер мен әлемдік аренадарды бағындыра беруіне тілектестіктерін білдірді.