Ертіс бойымен халықаралық өзен саяхатын ашу ұсынылды
Жеті-он күндік маршрут Қазақстанның үш облысы мен Ресейдің бірнеше өңірін байланыстыруы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумында Ханты-Мансийск автономиялық округі – Югра губернаторының орынбасары Павел Ципорин Ертістің туристік мүмкіндігін жаңа бағытта пайдалануды ұсынды. Оның идеясы бойынша, өзен бойымен бірнеше өңірді қамтитын ұзақ туристік сапар ұйымдастыруға болады.
Павел Ципорин мысал ретінде Ресейдегі «Северная сказка» теплоходын атады. Ол Новосібірден Салехардқа дейін Обь өзенімен туристік сапар жасайды. Югра өкілі осы тәжірибені Ертіске де бейімдеуге болатынын айтты.
– Ертісте де осындай жобаны қарастыру қажет деп санаймын. Бұл – оңтүстіктен солтүстікке созылған тұтас дәліз. Меніңше, 7-10 күн ішінде Қазақстанның үш облысын, Ресей өңірлерін аралап, Ханты-Мансийск, Тобольск пен Ямалдың көрікті жерлерін көруге болады, – деді Павел Ципорин.
Мұндай сапардың бағдарламасына табиғи орындармен қатар Ертіс жағасындағы қалалардың тарихы мен мәдениетін таныстыруды енгізуге болады. Павел Ципорин тіпті болашақта «Ертіс: достық өзені – даму өзені» форумдарының бірін теплоход бортында өткізуді ұсынды.
Өзенмен ұзақ сапар жасау мүмкіндігін айтқан ол бұған дейінгі ерекше тәжірибені де еске алды. Павел Ципориннің сөзінше, 2018 жылы Қытайдан шыққан саяхатшы Ертістің бастауынан байдаркамен жолға шығып, үш айға жуық уақытта Ханты-Мансийскідегі Ертіс пен Обь қосылатын жерге дейін жеткен.