Павлодарлық студенттер жануарлардың жүрек соғу жиілігін тексерді

Павлодарлық студенттер жануарлардың жүрек соғу жиілігін тексерді
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Болашақ ветеринарлар мен агрономдар шеберліктерін дамытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінде агрономия және ветеринария мамандықтары бойынша студенттер арасында өңіраралық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Оған жергілікті және Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінің өкілдері қатысты.

Агрономия бойынша қатысушылар екі модульдегі төрт тапсырманы орындады. Бірінші модульде астықтың сапасына қатысты болды – дәнді дақылдардың тұқымдарының орташа үлгісін алу және құрастыру, дәннің табиғи салмағы мен глютеннің құрамын анықтау. Екінші практикалық модульде қатысушылар жеміс ағаштарын егу дағдыларын көрсетті. 

Болашақ ветеринарларда байқау практикалық және теориялық білімді тексеруге арналған тапсырмалардан тұрды. Студенттер жануарлардың жүрек соғу жиілігін және тыныс алу жиілігін өлшеу үшін ветеринарлық мониторда жұмыс істеді. Бұдан бөлек жұмыртқаның сапасын, еттің бұзылуын анықтады.

Қазылар алқасы қатысушылардың жеке гигиена мен қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауын, тапсырманың реттілігін орындауын ескерген.

Агрономия бойынша бірінші орынды Ольга Боброва иеленсе, ветеренария бойынша бірінші орынға Хайрм Берікбек ие болды.